Қазақстанда 30 400 балаға жүзу үйретілді
Көпшілік жаз мезгілін өзен-көлдің жағасында демалумен өткізеді.
Әсіресе аптап ыстықта жағажайлар халыққа лық толады. Дегенмен суға түсудің де өзіндік тәртібі бар екенін ұмытпай, шомылу тәртібін қатаң сақтаған жөн. Қарапайм ғана ережелерді білмегендіктен, шомылудың соңы қайғылы аяқталып жатады. Судың температурасы 18-19 градустан төмен болмау керек, ал ауа температурасы – 20-25 градус. Осы секілді қарапайым ережелерді әркім есінде сақтап қана қоймай, бұлжытпай орындағаны дұрыс. Қазір – суға шомылу маусымының қызған шағы.
Елде шомылу маусымы басталғалы 70 адам суға кетті. Оның жартысына жуығы – балалар. 130-дан астам адам дер кезінде құтқарылды. Өңірлерде қазір арнайы белгіленген 708 жағажай бар. Алайда демалушылардың кейбірі рұқсат етілмеген аумақтарға барады. Мамандар дәл осындай қауіпті 4 600-ге жуық орынды анықтап, ескерту белгілерін қойды. Қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған демалушыларға қатысты 9 мыңдай әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар мамандар балаларға жүзу дағдыларын үйретіп жатыр. Жыл басынан бері мұндай шарамен 30 мыңнан астам жеткіншек қамтылған.