Шомылу маусымы: елордада 107 адамға ₸2 млн-ға жуық айыппұл салынды
Шомылу маусымы басталғалы елордада 3 адам суға кетті, деп хабарлайды 24KZ.
Арнайы рейд жүргізу кезінде әкімшілік құқық бұзған 107 адамға 1 миллион 800 мың теңге айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, бас қалада суға түсуге болмайтын 21 аймақ бар. Төтенше жағдай департаменті тұрғындарды аса мұқият болуға шақырады.
Суға батып кете жаздаған қала тұрғынын жедел құтқару жасағының жігіттері құтқарып қалды. Адамды ажалдан аман алып қалған мамандар: «мұндай сәтке жиі тап боламыз», – дейді.
Ұлан Нұрғалиев, бас құтқарушы:
- Бізге адамдардың қауіпсіздігі керек. Жылда айтылатын нәрсе. Жазғы уақытта қосымша жұмыстарға шақырамыз. Казмышаппаратурадан Ақордаға дейін күнде сағат сайын жұмыс жасаймыз. Шомылуға болмайтын жерлерге белгілер қойылған. Сондай жерлерде көбісі шомылып жүреді. Сосын суға батады.
Қауіпті жерге шомылудың арты қайғылы оқиғаға ұласады. Жаз басталғалы бас қалада 3 адам суға кеткен. Оның екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Құтқарушылар: «рұқсат етілмеген жерге суға түсуге болмайды», – дейді. Егер суға батқан адамды көрсеңіз, 112 құтқару қызметіне телефон шалу керектігін айтады.
Азамат Жұмекешов, Астана қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
- Күннің ыстығына байланысты көп адамдар суға барады. «Бармаңыздар» деп айта алмаймыз. Сондықтан барған кезде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау, судың жағасында ішімдік ішпеу, судың арғы бетіне барып қайтып келемін деп өзінің мүмкіндігін есептей алу. Есептей алмаса, бармау керек.
Шомылу үшін қалада арнайы 5 орын белгіленген. Алайда рұқсат етілмеген жерге барушылардың қатары сиремей тұр. Қауіптің алдын алу үшін құтқарушылар тыным таппайды. Сағат сайын ауысыммен жұмыс істейді.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Нұрғали Мамырбаев.