Утильалым мөлшері төмендей ме? Министрлік түсіндірді
Утилизациялық алымның көлемі өзгеріссіз қалады.
Қоғамда қызу талқыға түскен мәселе бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі алдын ала шешімді жариялады. Утилизациялық алымды алып тастау бойынша 50 мың қол жинаған петицияға қатысты Алматыда өткен қоғамдық талқылауға арнайы құрылған жұмыс тобы, жауапты министрлік өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Қоғамдық талқылауға қатысушылар әу баста утилизациялық алымның қайда қалай жұмсалып жатқанын мәлімдеді. Мысалы, 180 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникасы қаржыландырылған, қоқыс өңдеу зауыттарын салуға және орман шаруашылығына қажетті техника үшін 200 миллиард теңге игеріледі. Қаражаттың бір бөлігі жеңілдетілген автонесиеге бөлініп жатыр. Осылай деген Үкімет: «өкілдері утилизациялық алымды алмаймыз», – деп отыр.
Әділбек Бектібаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры:
- Утильсбор алынбайды, алынбайды. Утильсбор туралы мен бір рет айтамын. Біздің министрлік нақты бірден бүгін айтады, утильсбор алынбайды. «Первичка» алынбайды және төмендемейді де. Келіссін-келіспесін – алынбайды.
Алматыдағы автокөлік өндіретін зауытта өткен қоғамдық талқылауға петиция авторлары қатыспады. Қоғам белсендісі әрі Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкий жұмыс тобының жұмысына көңілі толмағанын айтты.
Владимир Дворецкий, «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының» төрағасы:
- Менің ойымша, нақты статистика келтірілген, дәлелденген толыққанды отырыс болған жоқ. Екі тарап өз ойын ғана айтты. Ортақ шешімге немесе келісімге келмеді. Сондықтан қоғамдық талқылаудың шешіміне келіспеймін.
Ал петицияда айтылған 7 жылдан асқан көліктерді кіргізбеу туралы ұсынысқа Еуразиялық экономикалық одақ елдері келісім берсе ғана қабылданады. Елімізде автокөлік өндірісі бар екенін және оны қолдау керектігі де айтылды. Ал утилизациялық алымның бір мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту. Жұмыс тобының төрағасы Олжас Құспековтың айтуынша, утилизациялық алым мәселесі әлі де қарастырылады.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Менің ойымша, бұл – әлі талқылауға жататын мәселе. Алдағы уақытта міндетті түрде халықтың мұңын біз Мәжіліс қабырғасында да талқылайтын боламыз. Бұл мәселе әлі жабылған жоқ, сондықтан алдағы уақытта бұның «не есек өлмейтін, не арба сынбайтын» амалын іздеп, Үкіметпен бірге қарастырамыз.
Еске салайық, 10 мамыр күні «ҚР Халқы утильсборға және алғашқы тіркеуге қарсы» атауымен жарияланған петицияға 50 мыңнан аса адам қол қойған еді. Аталған петицияға нақты жауапты алдағы күндері Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарынбаев.