Алматы мен Қарағанды облыстарында екі лагерь рұқсатсыз жұмыс істеген
Алматы мен Қарағанды облыстарында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 2 балалар лагері анықталды.
Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық комитеттің басқарма басшысы мәлімдеді. Гүлшарат Қожатованың айтуынша, Алматы аймағындағы "Айналайын" лагері қорытынды алуға екі рет ниет білдірген. Алайда екеуінде де оның "талапқа сай еместігі" анықталған. Аталған фактілер бойынша шара қолдану үшін жергілікті әкімдіктерге, прокуратураға, Ішкі істер органдарына және Оқу-ағарту министрлігіне хат жолданды. Қазір уәкілетті орган, прокуратурамен бірлесіп, лагерьлерге жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Гүлшарат Қожатованың айтуынша, демалыс маусымы басталғалы, лагерьдегі балалардың тамақтан улануы немесе ішек инфекциялары тіркелген жоқ.
Гүлшарат Қожатова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық комитетінің басқарма басшысы:
- Биылғы маусымда жаппай тамақтан улану және топтық ішек инфекциялары тіркелген жоқ. Бірақ бүгінгі күні Ақмола облысы Бурабай ауданы Қатаркөл ауылында орналасқан «Эдельвейс-Бурабай» лагерінде демалып жатқан балалардың арасында тұмау ауру фактісі тіркелді осы маусымда. Аталған лагерьде осы факті бойынша тексеру барысында осы аурудың пайда болуына және оның таралуына әкеп соқтырған бұзушылықтар анықталды. Зерттеу қорытындысы әлі дайын болған жоқ. Тексеру біткеннен кейін лагерьге қатысты тиісті шара қолданып, материалдар ішкі істер органдарына шара қолдану үшін берілетін болады.