1,5 мың оқушы Алакөл жағалауындағы лагерьде демалып жатыр
Алакөл жағалауындағы «Шағала» сауықтыру лагерінің жұмысы қайта жанданды.
Жөндеуден өткен демалыс аймағы Жетісу облысының Алакөл ауданындағы жетім және аз қамтылған, сондай-ақ көпбалалы отбасынан шыққан жүздеген оқушыны қабылдады. Балалардың жазғы демалысы қалай өтіп жатыр? Алған әсері қандай?
Көңілді ойын-сауық бағдарламалар. Спорттық жарыстар. Лагерьде демалып жатқан балалардың күні осылай өтіп жатыр. Демалыс аймағы тамылжыған табиғат аясында, Алакөл жағалауында орын тепкен. Жыл сайын жаз мезгілінде мұнда алты жүздей бала демалады. Олар интернеттің жоқтығына алаңдамайды.
Блиц:
Интернет бізге мүлдем керек емес. Интернетсіз өмір сүре береміз. Өйткені бұл жерде бәрі қызық. Мұнда көптеген балалар, достармен сөйлесеміз. Көлге барамыз. Тренировка бәрі бар, жақсы.
Ішкі сезімдерімді, өзімді жан-жақтан көрсеткім келеді. Өте қызықты іс-шаралар өткізіледі және де сол ғана емес денсаулықты ұлғайту жақсы қаралған. Өзіңді еркін сезінесің. Жетекшілер де жақсы, тамақтары да керемет.
«Шағала» облыстағы ең көне жазғы лагерьлердің бірі. Іргесі қаланғанына келесі жылы 60 жыл толады. Тоқырау жылдарындағы күрделі кезеңде де жұмысын тоқтатпаған. Биыл аздаған жөндеу жүргізіліп, баскетбол, волейбол алаңдары ашылды.
Гүлнәр Тайкенова, «Шағала» лагерінің директоры:
- Балалармен бізде әр он күн бөлінген. Таныстыру күні, қауіпсіздік күні бар, сыйластық күні бар он күні бәрі жоспарланып, барлық шаралар сауықтыруға, иммунитетті көтеруге бағытталған. Біздің балалар келгенде Алакөл ауданының балалары, 44 мектептің статустағы балалары. Аз қамтылған, жетім, жартылай жетім балалар.
Қауіпсіздік шаралары ұтымды ойластырылған. Дабыл қағатын белгі, күзет қызметі көрсетіледі. Балалар суға шомылғанда Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілік етеді.
Оңдыбай Ақжолов, Жетісу облысы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушысы:
- Көл жағасында күнделікті демалушылардың қауіпсіздігін қараймыз. Міне күніне екі уақыт «Шағала» жас балаларды сауықтыру лагерінде 83 бала қазіргі уақытта демалып жатыр. Сол балалардың қауіпсіздігіне, екі уақыт суға түскенде келіп қарап тұрамыз. Бәрі жақсы, тыныштық, аман-есен жүріп жатыр.
Жетісу өңірінің маржаны – Алакөлдің жағасында үш лагерь жұмыс істейді. Солардың бірі - «Шағала» демалыс орнында 1,5 мың оқушы тынығады. Облыс бойынша жазғы демалыспен биыл 100 мыңнан астам оқушы қамтылған.
Қарлығаш Қасиетова, Гүлнәр Жантасова