Петропавлда 50 көпқабатты үйде жаз басынан бері ыстық су жоқ
Петропавл қаласында 50 көпқабатты үйде ыстық су жоқ, деп хабарлайды 24kz.
Тұрғындардың айтуынша, жаз шыға басталған жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай тұр. Ал жақында жылу құбырынан ақау шығып, жығылғанға жұдырық болды. Ол қашан қалпына келтіріледі? Ыстық су қашан беріледі?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Бұл үйдің тұрғындары жаздың басынан бері ыстық сусыз отыр. Жөндеу жұмыстарынан кейін жер астындағы құбыр сыр беріп, жұмыс кестесі тағы да кейінге шегерілген. «Бәрінен де балаларға қиын болды», - дейді жұртшылық.
Сәуле Смағұлова, қала тұрғыны:
- Енді бәрінде де кішкентай бала-шаға бар. Үй басы 2-3 баладан. Обал болды жаздың күні балаларға. Енді маусым бойы су болмады. Енді түсіндік, ТЭЦ-те жөндеу жұмыстары деген соң. Енді біз де түсінеміз ғой, күттік. Сосын беріп еді, екі күн ғана ыстық су болды. Тағы да суды ағытып тастады.
Құбырдың бұзылуынан «Жас өркен» ықшам ауданында 10-ға жуық үй ыстық сусыз қалды. Тағы бір мәселе – жарық. Тұрғындардың айтуынша, қуат көзі уақытша трансформаторға қосылған.
Ақмарал Тәнібаева, қала тұрғыны:
- Жиі, өте жиі сөнетін болды. Күніне 3-4 рет сөнеді. Ол бізге қиын. Жарық болмаса бізде үйде не шай қайнатып іше алмаймыз, тамақ іше алмаймыз. Мен өзім 9-қабатта тұрғандықтан лифт мәселесі де өте қиын.
Қалалық әкімдік қызметкерлері жағдайды монополист компанияға жауып отыр. Олардың айтуынша, ыстық судың болмауына жазға жоспарланған жөндеу жұмыстары себеп. «Ал ақау шыққан құбыр жақын арада қалпына келтіріледі», - деп сендірді.
Айдын Мәкенов, қалалық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Бүгін 27 үй қосылады деді ыстық суға. Қалғандарына жұмыс жүріп жатыр. Соның ішінде мынау Жамбыл 80 көшесіндегі үйлер, сосын Алтынсарин көшесінде жөндеу жүріп жатқан себебі бойынша осы қалған 23 үйлері бар. Оларды да тез арада ыстық суға қосамыз деді. Жұмыстарын өткізіп жатқан теплотрасса – «Петропавловские теплосети».
Қаладағы жылу желісінің ұзындығы 230 шақырым. Оның 70%-і тозған. Сондықтан жергілікті билік өкілдері құбырларды жөндеп жаңалау үшін 2029 жылға дейінгі жол картасын қабылдады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов