«Ауыл аманаты»: 400-ден аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды

Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400-ден аса ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, деп хабарлайды 24kz.

319 кооператив 6,7 млрд теңге көлемінде қаржы алды.

Қазір елде кәсіпке бет бұрғандар көп. Мысалы былтыр Атырау облысында жалпы сомасы 1 млрд 504 млн теңге болатын 192 несие берілген. Ал, Қызылорда облысында 406 жобаға қаржылық қолдау көрсетілді.

Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Қайратбек Әбдіраман «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көріп отырған кәсіпкер. 2,5%-пен 5 млн теңге несие алып, тігін цехын ашқан. Мақтадан иірілген жіпті Өзбекстаннан тасып, күніне 400 шұлық шығарады.

Қайратбек Әбдіраман, Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны:

- Таза мақта өнімінен, 88% мақта өнімінен тоқылады шұлықтарымыз. Халыққа қолжетімді бағамен, 150 теңге, 200, 250 теңге, үш бағада ұсынып отырмыз. Штрих коды бар. Алдағы жоспарымыз мұны үлкейтсек деп едік. Екі станокпен тұрып қалуға болмайды ғой. Бұны қосымша үлкейткіміз келеді. 20-ға дейін апарсақ, қаланы қамтуға болады шындап келген кезде.

«Ауыл аманаты» бағдармасы аясында Қызылорда облысында 406 жоба мақұлданып, 7 жүзден астасм жаңа жұмыс орыны ашылған.

Ал, Атырау облысында былтыр 192 жобаға 1 млрд 504 млн теңге қаржылық қолдау көрсетілген. 138 жеңілдетілген несие мал шаруашылығына, екеуі өсімдік шаруашылығына, сондай-ақ шағын кәсіпті дамытуға 52 несие берілген.

Азамат Айтбаев, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Жоба аясында жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өз бизнесін ашуға қаражат алған. Мал шаруашылығында 7 жылға дейін 2,5% несие екі жыл жеңілдік кезеңімен алған. Басқа бизнес салаларына 5 жылға дейін 1 жыл жеңілдік кезеңімен ақша алынған болатын. Қазіргі таңда 2023 жылдың қорытындысымен шамамен 200-дей жаңа жұмыс орынын ашуды жоспарлап жатырмыз.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп бастағандардың дені Құрманғазы, Индер және Қызылқоға аудандарында. Ал биыл облыста 761 млн теңгеге 80 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өңірде 3 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркеуден өткен. Алдағы уақытта жобаға қатысып, жұмысын бастайды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Қамбар Бекенов, Жандос Рахметуллин