Алматыда «Барахолка» базарындағы өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматының Барахолка базарындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Айта кетейік, кеше кешкі сағат 17:00-де сауда орнын қызыл жалын шарпығаны жөнінде ақпарат түскен. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 110 адам мен 23 техника, 1 тікұшақ жұмылдырылды. 2300 шаршы метрге жайылған жалын бір жарым сағатта оқшауланды. Тікұшақ арқылы 30 тонна су төгілді. Бүгін таңнан бері оқиға орнын зерттеу, қалдықтан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Гүлдана Нұрымбетова, қалалық ТЖД баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда оқиға орнына ТЖД анықтау бөлімі бірқатар тергеу істерін жүргізуде. Яғни бірнеше сараптама тағайындалды. Сол сараптамалардың нәтижесі бойынша өрттің себебі мен материалдық шығыны белгілі болады.