2026 жылы жүк көліктерінің ортақ автожолдарда қозғалысы шектеледі
2026 жылдан бастап жалпыға ортақ автожолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салу жоспарланған.
Көлік министрлігі жаңа норманы әріге қалдырмай келесі жылдан бастап енгізбек. Алдымен облысаралық трасса бойына ауыр техниканың салмағын өлшейтін 220 автоматты станция орнатылады. Соның екеуі Қызылорда облысының аумағына қойылмақ. Өйткені жыл басынан бері жол сақшылары инертті материалды артығымен тиеген 53 жүк көлігін ұстады.
Қызылорда облысында жыл сайын 1 маусым мен 31 тамыз аралығында жүк көліктерінің асфальт жолмен жүруіне шектеу енгізіледі. Өйткені күннің ыстық болуынан еріп тұрған битум мен шайырды жүк көліктері саз балшықтай илеп кетеді. Жолдың ойдым-ойдым болып шыға келетіні сондықтан.
Әлиакбар Мырзабай, "Қазавтожол сервис" мекемесінің бөлім басшысы:
- Ауа райының температурасы 25 градустан асқан кезеңде жол төсенішінің бұзылуын болдырмау мақсатында жалпы пайдаланымдағы республикалық маңыздағы М-32 Самара-Шымкент автомобиль жолының әрбір білікке түсетін жүктемесі 9 тоннадан артық. А-17 Қызылорда-Жезқазған автожолының әрбір білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан артық автокөлік құралдарының қозғалысына сағат 10:00 ден 22:00 дейін уақытша шектеу енгізілген.
Бұл шектеудің азық-түлік тасымалдайтын және төтенше жағдайларды жоюға аттанған ауыр техникаға қатысы жоқ. Облысаралықтан қалаішілік жолдарға ойыссақ, қазір Қызылордада 95 көше жөнделіп жатыр. Жыл аяғына дейін 227 шақырым жолды жаңғыртуға 41 миллиард теңге бөлінген. «Халықтық бақылау» жобасы аясында қоғамдық кеңес мүшелері мен еріктілерден құралған топ жол-көлік инфрақұрылым сапасын тексеруге шықты.
Ғалымжан Төремұратов, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК филиал инженері:
- Көшелердің енін, ұзындығын, сынамалардың қалыңдығын тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Талапқа сәйкес келмейтіндерін мердігер мекемеге, техникалық қадағалаушыға хат түрінде ұсынып жатырмыз жою жөнінде. Бұл тараптан мердігер мекеме сәйкес келмейтін ақауларды талапқа сәйкестендіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ләззат Бақтыбаева қоғамдық бірлестік филиалының басшысы:
- Технадзор, авторлық бақылаулардың дұрыс болмауынан жолдардың сапасы өте төмен. 1-2 жылға жетпей жолдардың қайта жөндеуді талап етіп тұратыны сондықтан деп есептейміз. Бүгінгі таңда облыс бойынша 34 лот жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Десе де бүгінгі күнге дейін жасалып жатырған жолдар бойынша кемшіліктер анықталған жоқ.
Осы жылы аймақтағы автомобиль жолдарының жарамдылық көрсеткішінің үлесін 92%-ға жеткізу межеленіп отыр.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев