БҚО-ның инфрақұрылымын жаңартуға ₸14 млрд теңге бөлінді
Батыс Қазақстан инженерлік инфрақұрылымын жаңартуға 14 миллиард теңге бөлді, деп хабарлайды 24kz.
Коммуналдық саланың кем-кетігі осымен жөнге келуге тиіс.
Әсіресе, сорғы станциялары жаңарса, шаһарды сумен қамтуда іркіліс болмайды.
Қар күрт ерісе немесе толассыз жаңбыр жауса, қаланың сусыз қалуы қалыпты көрініс. Себебі әбден тозығы жеткен кәріздік сорғы станциялары жан-жақтан құйылған суды айдап үлгере алмайды. Коммуналдық кәсіпорын тіршілік нәрін уақытша ажыратуға мәжбүр болады.
Галина Следкова, қала тұрғыны:
- Көктем-күзде, күннің қолайсыз кездерінде үнемі су қорын жинап отырамыз. Өйткені кез келген уақытта суды айырып тастауы мүмкін. Оған үйрендік. Көбіне ескертуді естіп те үлгермейміз.
Сумен қамтудағы іркілістер енді артта қалмақ. Дәл қазір қалада №2 және №3 кәріздік станциялары жаңғыртылып жатыр. Ол сорғылардың орнатылғанына 60 жылға жуықтаған. Республикалық бюджеттен оларға 4,7 миллиард теңге қаралған.
Болатхан Оспанов, учаске бастығы:
- Тек 30% ғана бұзылып, қайта жаңартылуы керек еді. Жабдықтары, технологиялық бөлігі жаңартылуы керек еді. Енді жұмыс барысында біраз қиындықтар туды. Мынау ағыс келетін жағын тазалау мәселесі тұрды. Ақылдаса келе, 100% жаңартып салуға шешім қабылданды. Сондықтан бағасы 3,8 млрд өсті.
Сорғы станцияларының құрылыс-монтаж жұмыстары алдағы айда аяқталмақ. Қазір қажетті жабдықтар жеткізілген. Бес сорғы агрегаты және дербес дизельді генератор орнатылмақ.
Әнуар Аркенов, сумен қамтушы коммуналдық кәсіпорынның директоры:
- Осы екі сорғы станциясы қаладан шығатын сарқынды судың 60%-ін айдайды. Қаланың өсуіне және жабдықтардың ескіруіне байланысты соңғы 5 жылда үнемі проблемалар туындап келді. Су беруді шектеп келдік. Енді станция қуаты екі есе артады. Және қатты тұрмыстық қалдықтарды сорғыға жібермей бөлшектап уататын арнайы аппарат орнатамыз. Таяу 20-30 жылда еш тоқтаусыз істейтін болады.
Сонымен қатар қалаға ауыз су айдайтын сорғы станцияларын жаңарту және 15 шақырымдық магистральді су құбырын салу да жоспарда. Жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамадан өткен. «Ал жалпы инженерлік инфрақұрылымды жаңартуда 62 миллиард теңгенің 23 жобасы әзір», - дейді мамандар.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов