Биыл Көкпекті ауданындағы бес ауылға су құбыры тартылады
Көкпекті ауданы келер жылға дейін бес ауылға су құбырын тартады, деп хабарлайды 24kz.
Бұған бюджеттен 600 миллионнан астам қаражат бөлінген. Құрылыс жүріп жатыр. Жалпы қазір өңірдегі 29 елді мекенге ауызсу жетпейді.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Гүлзат Житкенова Ақой ауылында туып өскен, қазір де осында тұрады. Ауыл тұрғыны құдықтан су тасу егде жастағы адамдарға оңай емес дейді. Ауылға су құбыры тартылған соң жағдай түбегейлі өзгереді деген сенімде.
Гүлзат Житкенова, ауыл тұрғыны:
- Ауылымызға су тартылып жатқанына қуанышытымыз. Өйткені суымыз тұзды еді. Енді Үкімет бағдарламасы бойынша таза су ішеміз деген ойдамыз. Қуаныштымыз. Тұзды су ішкендіктен, міне, осы өмірімде жалғыз менің емес, ауылдағы талай адамның өттері жоқ. Өйткені өтке тас толған осы тұздың кеселінен.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Ақой ауылының тұрғындары қазір осындай құдықтан су алып отыр. Бірақ оны тек бақша суаруға немесе тұрмыстық қажеттіліктеріне қолданады. Ауыл тұрғындарнының айтуынша, негізі бұл су ішуге жарамсыз. Өйткені тұзды.
Ақой ауылына су құбырын тартуға бюджеттен 101 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым жұмысты бір апта бұрын бастады. Қазір құрылыс алаңында жиырмаға жуық техника мен отыз шақты адам жұмыс істеп жатыр.
Жігер Матаев, мердігер ұйым өкілі:
- Бізде барлығы параллельно жүріп жатыр. Қазып жатырмыз, астын дайындап, трамбовкасын жасап, құбырды салып жатырмыз. Артынан көміп отырамыз. Құдықтарды да бірден қойып жатырмыз. Ауылдың ішін бәрін грейдеровать етіп, грунт салатын жерге грунт салып, барлығын тегістеп кетеміз.
Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту үшін 53 жоба әзірленген. Ол бойынша 14 ауылдық округте су құбыры тартылады. Оның ішінде Көкпекті ауданындағы 5 ауыл бар.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің м.а.:
- Бізде былтыр бес обьект басталған болатын. Ол жұмыстар аяқталмай тоқтаған болатын. Бүгінгі күнге облыс тарапынан 625 млн теңге бөлініп тұр.Сол бес жобаға биылғы жылдың аяғына дейін жетіп қалады. Бүгінгі күнге жұмыс атқарылып тұр
Қазір өңірдің 50 мыңға жуық халқы тіршілік нәріне зәру. Жергілікті билік өкілдері 2025 жылға дейін мәселені шешіп, облыс тұрғындарын түгелдей ауызсумен қамтуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы