ШҚО-ның 16 ауылында таза су жоқ

Ауызсуға қол жеткізе алмай отырғандарды да айтайық. Шығыс Қазақстанда 16 ауылда тұратын 7 мыңға жуық тұрғынның проблемасы осы, деп хабарлайды 24kz.

«Мәселе бірер жылдың көлемінде шешіледі. Тіпті келер жылдан қалмайды», - дейді жергілікті билік.

Айтса айтқандай, ауылдарда су жинау станциялары салынып жатыр. Соның бірі – Алғабас ауылына құбыр тартылған. Ендігі тұрғындар тіршілік нәрін тұтынып отыру керек еді. Алайда әлі бір тамшы су ақпаған.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Каконовтар отбасының бұл үйде тұрып жатқанына 60 жылға жуықтапты. Содан бері тіршілік есік алдындағы осы колонкаға қарап тұр дейді. Жазда су шықпай құрғап қалса, қыста қатып қалады. Ондай күндері арба сүйреп,көше аралап су іздейді. Алғабасқа су құбыры тартылады дегелі ауылдықтар бір серпіліп қалғандарын жасырмайды.

Ринат Каконов, Алғабас ауылының тұрғыны:

- Колонкадан ішіп отырмыз, ол енді таза емес қой, орталықтандырылған болса, ол фильтрден өткен таза су деп есептеймін. Бала күндері өзіміз осы колонкамен өмір сүріп келеміз, бір сөзбен айтқанда. Енді болашақта балаларымыздың су тасып, мына заманда су тасып жүргенін қаламаймын.

Халық мұқтаждығы ескерілді. 170 үйді ауызсумен қамти алатын су жинау құрылғысы салынды. Жоба құны 459 миллион теңге. Құбыр желісі ауыл ішіне кірген. Алайда электр энергиясына тәуелді станция әзірге жұмысын бастай алмай тұр.

Талант Ахметжанов, мердігер компания өкілі:

- Электр қуатына қосылу үшін құжаттарын өткіздік. Бүгінгі күні дайындалуда, құжат жақын арада алынғаннан кейін обектіні электр қуатына қосып, комиссияға өткізіп, халыққа қолдануға мүмкіндік болады.

Осылай айтқалы 20 күннен асса да, Алғабасқа әлі су берілмеді. Мамандардың сөзінше, электрмен жабдықтауға байланысты құжаттарды реттеу ұзаққа созылуда. Шағын ауылдарда салынып, әлдеқашан қолданысқа берілген блок-модульді станциялар бойынша да осындай ұсақ-түйек мәселе көп. Мысалы жақында тексеріс кезінде облыстағы 117 блок-модульдің 36-сы жұмыс істемей тұрғаны анықталды. Ескертулерден соң ғана олар қайта іске қосыла бастаған.

Рауан Тұрысбеков, ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары м.а.:

- Істемей тұрған себептері олар кейбіреуерінде су сорғыш насос істен шыққан, бактерацидті лампалар істен шыққан, кейбіреуін ауыстырып қойып, блок модульді станциялар істеп тұр, 36-дан жартысы қазір 18-19 жұмыс істеп тұр.

«Құрылысы біткен құрылғылардың толыққанды жұмыс істеуін жергілікті әкімдіктер қадағалау қажет», - дейді салалық басқарма өкілдері. Жалпы қазіргі күні облыста таза ауызсу құбыры мүлдем тартылмаған 16 ауыл бар. Оның 8-і биыл тіршілік нәрімен қамтылса, жартысына су құбыры келесі жылы жетеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин