Елімізге келетін шетелдік туристер саны ұлғайды
Былтыр елге 9 млн-нан астам турист келді, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ке артық. Туристердің басым бөлігі Алматы және Астана қалалары мен Ақмола, Алматы облыстарының көрікті жерлеріне саяхат жасаған.
Ал шетелдік туристердің 1 миллионнан астамы қонақүйлердің қызметін пайдаланды. Олардың басым бөлігі – ресейлік. Көрші елдің 445 мың азаматы қонаққа келді. Саяхатшылар саны көбейген елдер қатарында Үндістан, АҚШ, Германия, Ұлыбритания мен Қырғызстан бар. 16 мыңнан астам Біріккен Араб Әмірліктері мен 15 мың Италия азаматы саяхаттап келді. Ал Қытайдан түрлі мақсатта келгендер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. 105 мың Қытай азаматы қонақ болды. Бұған, әрине визасыз режимнің енгізілуі әсер еткені сөзсіз.
Әлішер Тұрсын, «Қазақтуризм» ұлттық компаниясының ресми өкілі:
- Негізінен қазір Қазақстанның нақты үш аймағына күш салу бойынша Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді. Бұл – Алматы тау кластері, бұл – Бурабай өңірі, бұл – Маңғыстау облысы. Осы аймақта жағажай туризмін дамыту бойынша Маңғыстау облысында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Астанаға жақын орналасқан Бурабайдың әлі де ашылмаған әлеуеті көп. Өйткені бір ғана көл емес, ол жерде кемінде 5 әртүрлі, әлеуеті ашылмаған тамаша көлдер бар. Сол жаққа, көлдерге жету мәселесінде, инфрақұрылымдық жол сапасын арттыру өте өзекті. Сондықтан үш негізгі туристік дестинацияда қазіргі уақытта осы аймақтарды дамыту бойынша кешенді туристік жоспарлау жұмыстары жүріп жатыр.
Қонақүйлерге тоқтаған шетелдік туристер саны:
2023 жыл
Барлығы – 1,1 млн
Ресей – 444,9 мың
Қытай – 104,6 мың
Үндістан – 54,1 мың
БАӘ – 16,2 мың
Италия – 14,9 мың