Елімізде құтқарушылар жеткілікті ме?

Біздің елдегі жағдай қалай? Құтқарушы жеткілікті ме? Төтенше жағдай болғанда оқиға орнынан табылатын қызмет иелерінің саны қанша?

«Жазда су жағасы тұрмақ, суға түсуге рұқсат етілген орындардың өзінде барлығына бірдей құтқарушы қою мүмкін емес», - дейді мамандар. Енді қайтпек керек? Бұл мәселеде төтенше жағдай министрлігі қалай әрекет етеді?

Мөлдір Молдағали, тілші:

- Төтенше жағдай министрлігінде құтқарушылардың түрі сан алуан. Оның қатарында ұшқыштар да, сүңгуірлер мен альпинистер, өрт сөндірушілер және соның құрамындағы медицина, болжау, бақылау қызметкерлері де бар. «Ал олардың әр аймақта жеткілікті түрде жұмылдырылуы елді мекендегі халық саны мен төтенше жағдайдың көлеміне қарай белгіленеді», - дейді Төтенше жағдайларды жою департаменті басшысының орынбасары.

Жомарт Асқаров, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары:

- Қазіргі таңда тәулік бойы 3,5 мыңнан астам адам, мыңға жуық техника тәулік бойы қызметте қазір тұр. Астана, Адматы қалаларында әрине, көп. Шомылу маусымы басталғалғаннан бері және оның алдында да күннің орайына байланысты бізде 153 жылжымалы бекет, 42 стационарлы бекеттер орнатылған. Ол қосымша ашылған.

Төтенше жағдай министрлігімен қоса, жедел құтқару жұмыстарын ішкі істер органдары, атап айтсақ, патрульдік полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері де атқарады. Мысалы ішкі істер органдарынан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге күнделікті 14 мыңнан астам адам жұмылдырылады.

Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:

- Биыл шомылу маусымы басталғаннан бастап ішкі істер органдарымен 14 адам құтқарылды және де 2 мыңнан астам рейдтік шара жүргізілді. Сондай-ақ қалалық, облыс орталықтарындағы рұқсат етілген шомылу жерлері болатын болса, олардың барлығына бейнекамералар орнатылып, сол бейнекамералармен де бақылау жұмыстары жүргізіледі.

Әрбір жасақтың бекітілген патрульдік бағыты бар. Сол бағыт бойынша барлау жұмыстары кезінде оқыс оқиға орын алса, жедел түрде осы жол полициясы немесе Ұлттық ұлан әскерлері тиісті көмек көрсетуге міндетті.

Нұрдәулет Кульбаев, Астана қаласы Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы:

- Бізде жұмыс уақыты таңғы 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін. Қызмет атқару барысында неше түрлі оқиғалар, шақыртулар түседі. Тез жетуге тырысамыз. 5-7 минутта. Тұншығып, суға батып жатса, алғашқы көмек көрсетеміз. Жедел түрде. Ол үшін біздің автокөлікте арнайы құтқаруға арналған шеңбер, құтқару жилеті, арқандар арқылы құтқарылады адамдар.

Елімізде орын алған табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар бойынша биылғы жылғы алты айда 112 нөміріне 2 688 520  қоңырау келіп түсті. Ал төтенше жағдай министрлігі бөлімшелері оқыс оқиға орнына 41402 рет шықты. Қызметкерлер жалпы саны 61494 адамды эвакуациялап, 9850-ін құтқарды. Ал зардап шеккендер саны 2985-ке жетіп, оларға медициналық көмек көрсетілді.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Марат Диханбаев