Қарағанды облысында көлік апатынан көз жұмғандар саны 44%-ке көбейді
Жаз шықса көлік апаты жиілейді. Қазір әсіресе республикалық маңыздағы жолдарда қайғылы оқиға көбейді, деп хабарлайды 24kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 1667 көлік апаты тіркеліп, 600-ден астам адам бақилық болған.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Биыл Қарағанды облысында көлік апатынан көз жұмғандар саны 44%-ке көбейді. Жыл басынан бері 68 адам қайтыс болып, 266 адам жарақат алған. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі күрежолдарда орын алып отыр.
Жасқайрат Қайыров, Қарағанды облысы ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Алты айдың қорытындысы бойынша бізде былтырғыға қарағанда кісі өлімі 44,7%-ке өсті. Ең көп жол апаты болатын біздерде республикалық маңызды жолда. Соның арасында ең көп болатын Екатеринбург – Алматы трассасында болады. Сол трасса бойынша бізде 612 шақырымды құрайды. Оның 513 қазір жөндеуден өткізіп жатыр. Сол трассада бізде қазірде 51 жол апаты тіркелді. Оның ішінде 34 адам қайтыс болды.
Республиканың бірнеше аймағындағы тасжолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ел экономикасының күретамыры саналатын бұл жолдарда қатынаған көлік көп. «Қазавтожол» компаниясы Алматы – Астана, Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандағаш және Талдықорған – Өскемен жолдарын биыл тапсыруды жоспарлап отыр.
Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол» ҰК ресми өкілі:
- Негізі біз Қарағанды мен Алматы бағыты деп көрсетеміз. Бұл 863 шақырымды құрайды. Бүгінгі күні 830 шақырымда жол қозғалысын бердік. Ал енді толыққанды қазіргі таңда төрт жолақты қылып кезең-кезеңмен өткізіп жатырмыз. Алғашқы 50 шақырымды Қарағанды қаласынан Ақбастау ауылына өткіздік. Енді келесі аптада қосымша тағы да 30 шақырым төрт жолақты болып халық игілігіне беріледі. Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша осы бір-бір жарым айдың ішінде толыққанды өткізілетін болады.
Қазір 3100 шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның 2000 шақырымға жуығын биыл аяқтау жоспарланған. Әрине, жөндеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік те басты назарда болуға тиіс. Әсіресе, жаз шыққалы жолдағы көлік саны көбейді.
Сәкен Ділдахмет, «Қазавтожол» ҰК ресми өкілі:
- Енді қазіргі таңда біз барынша жолдарды соғуда бірінші кезекте қауіпсіздікке басты назар аударамыз. Қайта жаңарту жүріп жатқан учаскелерде барлық жерде белгілер орнатылған, жылдамдықты шектеу белгілері бар. Бұдан бөлек 1Б техникалық санатына көшіріп, яғни, төртжолақты қылып жатырмыз. Біріншіден, ол қауіпсіздікке өте маңызды.
Жасқайрат Қайыров, Қарағанды облысының ПД бастығының бірінші орынбасары:
- Мамыр айынан бастап сол шараларды қатайттық. Өйткені бұрын бізде 12 автокөлік патрулі жүретін болса, қазір Ақмола шекарасынан бастап, Осакаровка ауданынан Жамбыл облысының шекарасына дейін бізде қазір 23 автокөлік патрулі жүреді. Әр 25 шақырым сайын бір автокөлік патрулі тұрады. Олар алдын алу шараларын өткізеді, профилактикалық. Адамдармен сөйлеседі, тоқтатады, шаршап тұрса, демалтқызады.
«Жол апаттары көбіне салғырттықтан болады», - дейді мамандар. Жүргізушілер жылдамдықты асырып, қарсы жолға шығып кетеді. Жарты жылда ел бойынша 1600-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алды. 607 адам көз жұмып, 3 мыңға жуық адам жараланған.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Руслан Тұрсынғалиев, Сайран Ақамбаев, Ғалымжан Абдылахат