Шомылу маусымы. 22 адам айыппұл төледі

Шымкентте 22 адам шомылуға тыйым салынған айдындарға түскені үшін айыппұл төледі деп хабарлайды 24kz.

Ал ескертуді естен шығарған 1 адамның әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталды. Осыдан кейін Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті билік өкілдері балаларды жүзуге үйретуді қолға алды.

Қайғылы жағдай өткен айдың соңында Қайнарбұлақ көлінде болды. 23 жастағы бала суға батып көз жұмған. Құтқарушылардың айтуынша, көбі су айдынына шомылуға тыйым салынса да, ескертуді елей бермейді.

Нұржан Қаракөзов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

- Тыйым салынған орындарға қанша жүргізілген үгіт-насихаттарға, түсіндіру жұмыстарына қарамастан, тұрғындар шомылады. Төтенше жағдай департаменті тарапынан 22 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл салынды.

Шіліңгір шілдеде сая іздеген көпшілік өзен-көлге жиі келеді. Әсіресе, бұлақ көзінен бастау алатын Қошқар ата мен Тоғыс, Бадам өзендерінің бойында адам қарасы қалың. Алайда демалушылар шомылуға рұқсат етілген су айдындарында да қауіпсіздікті күшейтіп, талаптардың сақталуын қадағалау керек дейді.

Сейітжаппар Сұлтанов, қала тұрғыны:

- Представитель адамдар керек екен деймін. Қарап, байқап жүретін. Өйткені ата-аналар жөнді қарамайды. Балалар секіреді, шығады. Балаларға қауіптілеу екен.

Қалада бұл су айдандарынан бөлек, тағы жеке меншік 22 бассейн жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кәсіпкерлермен ортақ келісімге келіп, тың бастаманы қолға алды. Олар мыңнан аса мектеп оқушысына тегін жолдама сыйлап, жүзуді үйретіп жатыр.

Абылайхан Мүслім, мектеп оқушысы:

- Мен бұдан алдын бассейнге аяғымды салып отыратын едім жүзе алмаған соң. Осы бассейнге келіп, үйрендім. Қазір жақсы, бассейнге өзім түсе аламын.

Сала мамандары судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға байланысты мереке және демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс атқарып келеді. Оған полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер жұмылдырылған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов