Маңғыстауда «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы аяқталды

Маңғыстау өңіріне заңсыз қаруланған топ баса көктеп кіріп, елде халифат орнатуды көздеген деп хабарлайды 24kz.

Лаңкестердің арам ойын жүзеге асыруға қазақ армиясына көмекке келген Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан әскерилері тойтарыс берді. Бұл – Маңғыстау облысында өткен «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығу жиындарының сценарийі. 10 күнге жалғасқан шара барысында 5 мемлекеттің әскери контингенттері күш біріктіріп, арнайы операцияларды орындауға машықтанды.

Риат Шони, тілші:

- Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдері әскерлерінің басын қосқан «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы. 10 күнге жалғасқан жиындардың ауқымы ерекше. Тіпті 4,5 мыңнан астам әскери мен 700-ге жуық қару-жарақ және техника тартылған.

5 мемлекеттің әскери контингенттерін біріктірген жаттығулар құрлықта және теңізде жүргізілді. Айта кету керек, бұл жиынға бауырлас Әзербайжан елінің әскерилері өз қайықтарымен келген. Олар бірлескен операция барысында Тоқмақ мүйісінде заңсыз қаруланған топтың көзін жойды.

Ел аумағына заңсыз баса көктеп кіріп, халифат орнатқысы келген лаңкестерге бірлескен күштер әуеден де, құрлықтан да мықты тойтарыс берді.

Жаудың көзін жоюда барлаушылардың еңбегі орасан. Олар алдыңғы шепке шығып, қарсыластың негізгі күші шоғырланған орындарды белгілеп отырды. Кейін артиллерия төбеден жай түскендей ауыр-ауыр зеңбіректерін қарша боратты.

Азамат Сүлейменов, ҚР ҚК Теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі:

- Көптеген тәжірибе бере білді. Себебі бұл жерде ең бірінші бізге бағынысқа берілген басқа елдердің әскери қызметшілерімен басқару, оларға тапсырма қою және олардың тапсырманы орындауын қадағалау жағынан көптеген тәжірие алдық деп ойлаймын. Осындай оқу-жаттығулар ары қарай көбірек ұйымдастырылып, өзімізде тәжірибемізді шыңдап жүрсек қарулы күштерге, Отанымызға ешқандай қауіп төнбейді деп сенемін.

Ауқымды оқу-жаттығу жиындарын 5 елдің қорғаныс министрлері арнайы келіп көрді. Жоғарғы басшылық әскерилердің дайындығына көңілі толатындығын жеткізді.

Руслан Жақсылықов, ҚР Қорғаныс министрі:

- Бірлескен қимылдар барысында елдердің жауынгерлері жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстан Қорғаныс министрлігі басшылығы атынан баршаңызға бұл үшін үлкен алғыс білдіремін.

10 күнге жалғасқан бірлескен оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша ерекше көзге түскен жауынгерлер арнайы марапаттарға ие болды.

Авторы: Риат Шони