Қордай ауданында дауыл салдары жойылып жатыр
Жамбыл облысы Қордай ауданында болған тасқын мен дүлей дауыл салдары жойылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Атап айтқанда, үзілген газ құбырлары мен электр желілері қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстарға 10-ға жуық бригада жұмылдырылған.
Нөсер салдарынан жиналған ағын су әп-сәтте Бетқайнар, Қақпатас ауылдық округтеріндегі таулы аймақты шайды. «Береке» шаруа қожалығының төрт төлігін ағын су ағызып әкеткен. Әзірге 7 бас ұсақ мал мен 1 ірі қараның өлексесі табылды. Ал «700-ге жуық төрт түлік өлді» деген ақпаратты әкімдік өкілдері растамады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, тұрғын үйлерге су кірмеген. Жойқын дауыл Соғанды ауылындағы бағаналарды құлатып, жарықсыз қалдырды. Беріктас елді мекенінде 200-ден астам үй мен 2 әлеуметтік нысанда газ беру тоқтады.
Әділбек Телғазиев, Беріктас ауылының тұрғыны:
- Арғы көшенің қорасының шатырларын, бергі көшедегі газ құрылғысын, жарық «стоблтарын» құлатып, сондай тосын табиғаттың ашуы келгендей болды. «Электроприбор», «газ счетчик» – бәрінің талқаны шығып жатыр. Аяқастынан біз сияқты зейнеткерлер қайда барамыз? Осының бәрін шешетін шығар. Енді газ болмаса да, жарықты бүгін жөндесе, жақсы болар еді.
Секундына 45 метр жылдамдықпен соққан желден жарақат алған 3 адам ауруханаға түсті. Қазір екеуі үйіне жіберілген. Ал 18 жастағы тұрғынның жағдайы ауыр. Ақхалаттылардың айтуынша, науқастың омыртқасы мен бірнеше сүйегі сынған.
Сара Сұраншиева, Қордай аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Барлық көмекті көрсеттік. Науқастың жағдайы өте ауыр. Ашық ми жарақатын алған. Бас сүйегі жабық негізде сынған. Омыртқасы жарылып сынған. Жұлынның зақымдануынан екі аяғының төменгі бөліктері қимылсыз қалып отыр.
Дүлей дауылдан екі ауылдағы 30-ға жуық тұрғын үй мен қора-жайдың шатыры ұшты. Ұялы байланыс мұнарасы да құлады. Ағын су «Соғанды-Бетқайнар» автожолының көпірін бұзып өткен.
Бақыт Сахатов, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соғанды ауылында 3 бригада электр желілерін қосу үшін жұмыс атқарып жүр. Сонымен қатар Беріктас ауылында электр желілерін қосу және газ құбырларын қалпына келтіру үшін 6 бригада жұмыс атқарып жатыр.
Қазір 60-қа жуық маман елді мекендерді қалыпқа келтіру жұмысымен айналысып жатыр. Әзірге мал мен дүние-мүлікке келген шығын көлемі анықталған жоқ.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә.