Биыл 1,1 млн адам сапалы ауызсуға қол жеткізе алады
Биыл елде су құбырларын салу мен реконструкциялау бойынша 28 жоба іске асырыла бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Нәтижесінде 426 елді мекендегі 1,1 млн адам сапалы ауызсуға қолжеткізе алады. Қазір 10 өңірде 96 гидротехникалық нысан жөнделіп жатыр. Биыл Үкімет бекіткен тұжырымдама аясында жаңа 20 су қоймасы салынбақ. Тағы 15 су қоймасы мен 14 мың шақырым ирригациялық арна қайта жаңғыртылады. Бұның барлығы еліміздің су шаруашылығы саласын трансформациялау шеңберінде қолға алынған.
Ауқымды шаралар 3 бағытта жүргізіледі. Алғашқысы – су үнемдеу саясатын қалыптастыру. Сарқынды суларды қайта пайдалану үшін түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база әзірлеу. Екіншісі – саланы цифрландырып, жаңа тарифтік саясат енгізу. Сондай-ақ көрші мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Осы тұрғыда жаңа Су кодексі жобасының да маңызы ерекше. Құжат Мәжілістің қарауына енгізілді. Онда саланы мемлекеттік қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістер бар.
Мөлдір Әбдуалиева, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, су үнемдеу жүйелерін орнатқан фермерлерге субсидияларды 50%-тен 80%-ке дейін ұлғайтты, бұл қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алу және барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізу шығындарын өтеуге көмектеседі. Ұңғымаларды бұрғылау шығындарын субсидиялау көлемі 80%-ке дейін өсті. Суару маусымы басталғалы 20 мыңнан астам шаруаға 2,8 млрд текше метр су берілді. Суару кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр.