Алматыдағы теміржолшылар әулеті салада 8 ғасыр еңбек еткен
Алматыда тұратын Қапышевтар әулетінің теміржолдағы еңбек жолы 800 жылдан асқан, деп хабарлайды 24KZ.
Садан Қапышев ақсақалдан басталған қызмет немере-шөберелерге дейін жалғасып келеді.
Алматы қаласының тұрғыны Мұрат Қапышев теміржолда 45 жыл тер төгіп, еңбек еткен. Бүгінде немереден шөбере сүйіп отырған ақсақалдың еңбек жолы Жетісу облысындағы Матай станциясынан басталған. Зейнеткер машинистің әкесі Садан қария 1932 жылы Аягөз бекетінде жұмыс істепті. Ағалары мен әпкелері де осы салада еңбек еткен. Бір салада түрлі қызметтің тұтқасын ұстаған бауырлар арасында машинист, кондуктор, теміржолшылар дәрігері, сондай-ақ есепшілер бар.
Мұрат Қапышев, ардагер теміржолшы:
- Біз де бала күнімізден қызығатынбыз. Біз де осындай жұмыс істесек, біз де сол кісілер сияқты үлкен басшы болсақ деп. Сол арманымыз орындалып, кейіннен біздің балаларымыз да мектеп бітіргеннен кейін өздерінің таңдаған мамандықтары осы болып, теміржол болып, олар да қазір теміржол саласында жұмыс істеп жатыр.
Мұрат ақсақалдың ұлы мен екі қызы да әулеттің бойтұмарына айналған мамандықты меңгерген. Әйгерім Қапышева – 17 жылдан бері жолаушылар тасымалының білікті технигі. Ол оңтүстіктегі жолаушылар қозғалысын реттеп отырады. Елімізде тасымалдың күре тамырына айналған теміржол бір сәт дамылдамайды. «Сондықтан жауапкершілік пен төзім керек», – дейді Әйгерім.
Әйгерім Қапышева, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Оңтүстік» филиалының технигі:
- Тоқтаусыз жұмыс істегеннен кейін біз үнемі байланыста боламыз, біз ешқашан телефонды өшірмейміз. Үйге кетіп қалсақ та, бізге жұмыстан хабарласады, ылғи байланыста отырамыз. Сабыр керек, төзім керек. Теміржол дегеннен кейін жүйке талшықтарың темірдей болуы керек қой.
Қапышевтар әулетінің 26 ұрпағы теміржолда еңбек еткен. Олардың әрқайсысы осы салада 15 жылдан 45 жылға дейін жұмыс істеген. Әулеттің теміржолдағы жалпы еңбек өтілі – 826 жыл. «Бұл – қиын да қажырлы мамандыққа деген құрметіміз», – дейді ардагер теміржолшы.
Мұрат Қапышев, ардагер теміржолшы:
- Өзінің таңдаған мамандығына адамның сүйіспеншілігі болуы керек. Егер сен соған қызығып, өзің сүйіспеншілікпен жұмыс істейтін болсаң, қандай жұмыс болса да, мен олардың онша ауыртпалығы болмайды ғой деп ойлаймын.
Мұрат Ақсақал қазір жұбайымен бірге 7 немере мен шөберені тәрбиелеп отыр. Кішкентай Қапышевтардың да осы салада еңбек еткенін қалайды. «Дегенмен балалардың таңдауы, жүрек қалауы да маңызды», – дейді ардагер теміржолшы.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов.