«Семей орманына» жаңа техника алынады

Абай облысында болған өрттен кейін «Семей орманы» резерватының автопаркі 70%-ке тозғаны анықталған еді. Қазір өңірлердегі орманшылықтардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр.

Биыл 10 жүк көлігі және 14 шағын өрт сөндіру машинасы алынған. Енді резерват басшылығы орман алқаптарын төбеден бақылау үшін дрон мен тікұшақ алуды жоспарлап отыр. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты директорының орынбасары Ғани Алпысшаловтың айтуынша, бұдан бөлек, 10 заманауи техника сатып алынады. Жалпы биыл орман шаруашылығына техника алу үшін бюджеттен 40 миллиард теңге бөлінеді.

Ғани Алпысшалов, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты директорының орынбасары:

- Ең үлкен мәселе – патрульдік машиналар. Олардың жағдайы ауырлау кішкене. Барлығы 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүр. Бұрынғы шыққан машиналарға қазір «запчасти» дейміз ғой, оны табу өте қиын болып тұр.