Қостанай ормандарында күзет күшейтілді

Қостанай облысында өрт қаупінің күрделі 4-ші шегі белгіленген, деп хабарлайды 24KZ.

Себебі ауа температурасы +25 градустан түспей, дала түгел қурап тұр. Осыған байланысты орманды алқаптарда бақылау күшейтілді. Күзет жұмысын патрульдік отрядтар ғана атқармайды, ағаш арасына бейнекамералар да қойылған. Осылайша, мамандар жасыл желекті аумақтардағы жағдайды тәулік бойы қадағалай алады. Түтін шығып, от тұтанса, бірден хабар беріледі.

Өңірде өртке қауіпті кезең 8 сәуірде басталған. «Тілсіз жаудың алдын алу шаралары үшін облыс бойынша арнайы жоспар құрылған», – дейді Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Өміржан Түкүшев.

Өміржан Тукушев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- ТЖД күштік құрылымдарынан топтар құрылып, әр аумаққа жауапты етіп бөлінген. Барлығы 195 өрт сөндіруші мен 37 техника жұмылдырылған. Теміржол өтетін орман алқаптары да бақылауда. Бізде 4 өрт сөндіру пойызы бар. Өңір бойынша 33 механикалық топ орманды алқаптарды назарда ұстап отыр.