Электромобильдерге арналған құрылым дамытылады
Елімізде 10,5 мыңға жуық электрмобиль тіркелген.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, олардың саны жыл сайын артып келеді. Бірақ, ел аумағында мұндай көліктерді қуаттайтын арнайы станциялар аз болып тұр. Енді бұл олқылықты түзеп, тиісті инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды.
Ыңғайлы, тиімді, әрі экологияға зияны жоқ. Осындай таңдауды бір жыл бұрын жасаған Вадим Колодий электромобильді тізгіндеген. Айтуынша, ескі көлікке қарағанда заманауи үлгісі әлдеқайда тиімді.
Вьетнам
Вадим Колодий
- Бұл көліктер қауіпсіз. Технология жағынан да дамытылған. Ауаға зиянды қалдықтарды тастамайды. Ал техникалық қызмет көрсетуге келер болсам бұл көліктер бензинмен жүретіндерге қарағанда әлдеқайда жеңіл.
Астана
Электромобиль тізгіндегеннен кейін темір тұлпар иелері өз маршруттарын алдын ала белгілеп, жолда қай жерде қуаттағыш станциялар бар екенін зерттеп алулары керек. Үлкен қалаларда бұндай орындар көп болса, шағын шаһарларда оларды табу қиынға соғады.
Алдияр Ермек, қала тұрғыны:
- Электр көліктер әдетте тез жүреді. Менікінде шамамен 500 аттың күші бар. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3-4 секунд ішінде жетеді. Бірақ тәжірибесі аз жүргізушілерге қала ішінде жүру қауіпті. Мен осыған алаңдаймын. Қыс мезгілінде салон іші суықтау. Аккумулятор әдеттегіден тез сарқылады. Алайда көлікті қыздырмай ақ бірден жүре беруге болады. Таяуда жұмыс бабымен Астанадан Қарағандыға барғанмын. Көлігімнің 40 шақырымдай жүретін электр қуаты қалған еді. Бірақ кеншілер мекеніндегі барлық қуаттағыш станция сол күні уақытша істен шығып қалыпты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір елде тіркеуге алынған электромобильдердің саны 10,5 мыңға жетті. Ал қуаттағыш станциялар болса 200-ге әзер жетеді. Енді тиісті инфрақұрылымды дамыту үшін мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Бұдан былай қуаттағыш станциялар жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына жатқызылатын болады. Ал тас жолдарды жобалау кезінде олар үшін бөлек орындар бөлінеді.
Арсен Шакуов, сарапшы:
- Инфрақұрылым тиісті деңгейде дамуы керек. Алдағы 3 жылда біз электромобильге отырып Алматыдан Астанаға дейін еш қиындықсыз жете алатын боламыз. Әр 200 шақырым сайын қуаттағыш станциялар орнатылса жақсы болады. Қазір тиісті заңға Президент қол қойды. Енді ҚазАвтоЖол компаниясына жолдардағы сервисті қалыпқа келтіру міндеттеледі.
Жалпы жыл соңына дейін ел аумағында 40-қа жуық қуаттағыш станциялар орнату көзделген. Олар Астанадан Алматы қалсына, Петропавлға, Жетісу, Шығыс Қазақстан мен Алматы өңірлеріне жүретін бағытта қойылмақ.
Риат Шони