Еліміздегі ең ұзын көпір биыл қолданысқа беріледі

Қазақстандағы ең ұзын көпір жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп хабарлайды 24kz.

Қазір жұмыстың 80%-і атқарылды. Нысан Бұқтырма су қоймасы арқылы өтеді. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр өңірдегі жол-көлік саласын дамыту шараларын тексерді. Олжас Бектенов көпірдің шекара маңындағы аудандар үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беретінін атап өтті. Жобада көпірге қосылатын 18 шақырымнан астам автожол құрылысы да қарастырылған.

Аскар Ілдебаев, «Облшығысжол» ЖШС техникалық бақылау жетекшісі:

- Бізде қазір көпір бойынша істелініп жатқан 21 бағанның 3 бағаны қалды. Балкалардың жартысынан көбі істелініп тұр. Бұл көпір ең жақсы әдіспен салынып жатыр.

 

Өңірде туристер саны 2,7%-ға артты

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы облыстың туристік әлеуетімен де танысты. Демалушылар арасында Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің жағажайлары, Қатонқарағай ауданындағы пантымен емдеу орны, аймақтың тарихи нысандары, Глубокое ауданы мен Риддердегі шаңғы туризмі тұрақты сұранысқа ие. Шығысқа келуші туристер саны 2,7%-ке артқан. Демалушылардың көбеюіне Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим де ықпал етіп отыр. Олжас Бектенов саланы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Өңір туризміне деген қызығушылық артып келеді. Өткен жылы орналастыру орындарында 370 мыңға жуық туриске қызмет көрсетілді. ШҚО – шекаралас аумақ. баршаңызға белгілі, биыл Қытайда «Қазақстандық туризм» жылы болып жарияланды. ШҚО-ға қытайлық туристер қатты қызығушылық тудырады.