Алматыда Денис Теннің ескерткішіне гүл қойылды

Бүгін мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірден өткеніне 6 жыл деп хабарлайды 24kz.

Ол Олимпиада ойындары және Әлем чемпионатында жүлдегер атанып, ел спортын өрге сүйреп, Қазақстанды әлемге танытты. Денис Тен алғаш рет 2013 жылғы Әлем чемпионатында күміс медалға ие болды. Одан кейін 2014 жылғы қысқы Олимпиадада қола қанжығалады. Ол қазақ жастарының мәнерлеп сырғанауға деген ықыласын ашып, үлгі болды. Жастайынан жалындап жанған спортшы 25 жасында кісі қолынан қаза тапты. Алматыда 2019 жылы мәнерлеп сырғанаушының құрметіне ескерткіш орнатылған болатын. Қала тұрғындары спортшыны әрдайым еске алып, ескерткішіне гүл қойып тұрады.

Лариса Берладион, қала тұрғыны:

- Денис Тен – еліміздің ең үздік мәнерлеп сырғанаушысы. Оны Қазақстаннан бөлек бүкіл әлем таниды. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз мәнерлеп сырғанауда Денистен үлгі алады.

Александр Федосеев, М.Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының актёрі:

- Мен Денис Теннің мұзды шоуында болғанмын, шығармашылығын жоғары бағалаймын. Ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Денис Тен 2018 жылы қаза тапты. 25 жастағы спортшы көлік айнасын ұрлағандардың қолынан бақилық болды. Қылмыскерлер Нұралы Қиясов пен Арман Құдайберген 18 жылға сотталған болатын.