Ақтөбеде металлургтерге құрмет көрсетілді

Ақтөбеде де металлургтер күні тойланды деп хабарлайды 24kz.

Шаһардың орталық алаңында өткен шарада темір балқытып, болат құятын өз кәсібінің шеберлері марапатталды. Олардың қатарында метталлургия саласында 28 жыл бойы тер төгіп жүрген Дәрібай Тұқышев те бар. Ферроқорытпа зауытында кенді қайта өңдеуге жауапты маман «Сала үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Дәрібай Тұқышев, ферроқорытпа зауытының ҚОЖ түсірушісі:

- Енді жұмыстың өзі қиын. Адамдары да өзі соған төзімді, бір-біріне жақын болады. Екінші өзіңнің отбасың сияқты ғой енді. Осы мерекемен металлургтердің барлығын құттықтаймын. Еңбектері жемісті болсын. Үйлеріне тек бақ-береке берсін.

Бүгінгі шарада 300-ге жуық еңбеккерге облыс және зауыт басшылығының атынан алғыс хат, естелік төсбелгі табысталды. Барлығы да ауыр өнеркәсіп саласына еңбек сіңіргендер. Олардың қатарындағы 9 адам «Еңбек даңқы» орденін иеленді. Ауқымды концертке ұласқан мереке тек зауыт жұмысшыларына емес, қала тұрғындарына тосын сый болды. Орталық алаңда қазақстандық және әлем сахнасының жұлдыздары өнер көрсетті.