БҚО-да жол сапасы сын көтермейді

Батыс Қазақстан облысында жолдың жағдайы мәз емес, деп хабарлайды 24KZ.

Аймақта жергілікті маңыздағы жолдың 52% ғана асфальт төселген. Осы олқылықты жою мақсатында салаға қыруар қаржы құйылып жатыр. Биыл өңірдегі жол құрылысына 116 миллиард теңге бөлінді. «Алайда қаржыны игеру кезінде жол сапасына жеткілікті көңіл бөлінбей отыр», – дейді жұрт. Мәселен, Барбастау-Ақжайық-Индер бағыты салынбай жатып бүліне бастады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір Жайықтың сол жағалауында, Орал мен Атырауды жалғайтын жолдың бойында тұрмыз. Барбастауден Индерге дейін 307 шақырым болса, осы жолдың 43-93 шақырымын жөндеу осыдан 4 жыл бұрын басталған еді. Әлі аяқталған да жоқ. Бірақ жолдың салынбай жатып бұзылып жатқаны өкінішті.

Жаңа салынған жолдың жыл өтпей жатып жиырылып, жарамсыз боп қалғаны жөнінде көктемде тұрғындар дабыл қаққан. Жұртшылықтың жанайқайына облыстық қоғамдық кеңес назар аударған. Жол сапасын тексеретін мекемелер ақауларды анықтапты.

Азамат Қалташбаев, Жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

- Шамамен бір 40 материал сынама алынды және де 13 ескерту дефект ретінде жазылып, мекенжайларымен бірге, қай жерден қай жерге дейін бүлінгені туралы Ұлттық сапа орталығы атынан тапсырыс берушіге, мердігерге барлығына ескертулерімізді бердік.

Құзырлы орган өкілдерінен құрылған арнайы жұмыс тобы жолдың бүлінген тұстарын түзеуді мердігерден талап еткен. Нәтижесінде жолдың жекелеген учаскелерін толықтай қайта салу жөнінде шешім қабылданған. Қазір қатемен жұмыс жүріп жатыр.

Жансұлу Төремұратова, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- 20 шілдеге дейін көрсетілген кемшіліктерді жою бекітілген болатын. Сол жұмыс қалай жүріп жатыр екен, соны анықтауға келіп тұрмыз. Бірнеше учаскеде сапасыз жұмыс жүргізгені анықталды. Соны қайта «полотносын» көтеріп, қайта жол салынғанын көріп тұрмыз. Негізі тұрақты түрде мұны бақылау керек деп санаймыз.

Мердігер компания болса жолдың бүлінуін биылғы ауа райынан көреді. Тасқын кезіндегі мол су әлі беткі қабаты төселмеген жолға әбден сіңген. Одан кейін ауыр жүк көліктері жүргенде жолдың быт-шыты шыққан.

Николай Кондопуло, учаске бастығы:

- Осы жерден әріректегі үстіңгі қабаты төселген учаске бүлінбеді. Себебі ол жолға су өткен жоқ. Біздің қателігіміз, ауыр көліктердің қозғалысына шектеу қою туралы уақытылы ұсыныс тастамағанымыз. Жалпы жолдың жобасы өте әлсіз. Оське түсетін салмақ, 8-9 тоннадан артыққа есептелмеген. Қиыршықтасты-мастикалық асфальт 4 см, ірі кесекті асфальт 6 см, қара қиыршықтас 8 см, барлығы 20 см де жетпейді. Ал 93-ші шақырымнан әрі қарайғы учаскеде жолдың қабаты 50 см-ге дейін барады.

Бекжан Тоғжанов, БҚО автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Асфальт опырылып кетті, кей жерлерде түсіп кетті. Қазіргі таңда мердігер мекеме анықталған кемшілікті жою бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бұл «ямочный» ремонт емес, үлкен-үлкен учаскелермен жол реконструкциясы алынып, қайтадан салынып жатыр. Бұл жұмыстар көлемі 14 800 шаршы метрді құрайды. Осы шілденің аяғына дейін жұмыстарды аяқтау керек. 

Жалпы аталған жолдың жобасында кемшілік көп екенін жауапты мекемелер де мойындайды. Мәселен, құрылыс кезінде қолданылатын айналма жолдың бетіне құм, қиыршықтас төсеу жағы қарастырылмаған. Соның салдарынан көліктер қарсы келгенде жолаушылар көк шаңның астында шыбын жанды шүберекке түйіп отырады. Осындай олқылықтар өзге де жобаларда аз емес. Күні бүгін өңірде антикордың бастамасымен мобильді топ құрылып, 13 жолдың құрылысы бақылауға алыныпты. 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.