Ақтөбелік ару көлік жөндеудің шеберіне айналған
Көлік жөндеу ерлердің ғана кәсібі емес.
Ақтөбе тұрғыны Екатерина Ковтун үшін автомобиль безендіріп, істен шыққан бөлшектерін ауыстыру еш қиындық тудырмайды. Ол бала күнгі көлікке әуестігін тұрақты табыс көзіне айналдырған.
Екатерина Ковтунға көлігін көрсетушілер ерте қамданып, алдын ала жазылады. Автомобильдің терезесін көлегейлеп, шудан оқшаулау қызметіне әсіресе жаздың күні сұраныс жоғары.
Талдырмаш келіншектің бұл кәсіпті игергеніне 14 жылдан асты. Колледжде аспаз мамандығында оқи жүріп, техникалық қызмет көрсету станциясында автомеханик көмекшісі болған. «Бастапқыда жүргізушілердің дені күмәнмен қарайтын», – дейді.
Екатерина Ковтун, көлік шебері:
- «Оның қолынан келеді ме?», – деп станция басшысынан сұрайды. Басқа шеберлерді іздеп кеткендер де болды. Күмәнмен қараған жүргізушілерге іспен дәлелдеп келем. Қазір тұрақты қызмет көрсететін көліктер аз емес.
Көліктің жүрістік бөлігін жөндеуді игерген соң Екатерина Ковтун тюнингке бет бұрған. Терезелерді көлегейлеп, автомобиль шамдарын жаңғыртумен қатар шанағы мен әйнегіне құрыш салу да қолынан келеді. Әріптестері де оны білікті әрі шебер маман ретінде бағалайды.
Андрей Бондарь, автоэлектрик:
- Маған Екатеринаның жұмыс істеу әдіс-тәсілі мен кәсібіне көзқарасы ұнайды. Көліктің әйнегін көлегейлеуге келген жүргізушілерге Катяға баруға кеңес беремін. Себебі ең күрделі тапсырыстарды да оңай іске асырады. Ұқыптылығы да көпшіліктің көңілінен шығады.
Тынымсыз еңбектің арқасында бала кезден армандаған көлігін сатып алған. Көнені қайта жаңғыртып, көздің жауын алардай безендіруді жоспарлап жүр.
Екатерина Ковтун, көлік шебері:
- Біраз бөлшегін жаңарттым. Генераторын ауыстырдым, қозғалтқыштың салқындату жүйесін, жылу тұрақтандырғыш сияқты қосалқы бөлшектердің бәрін өзім жөндей беремін. Енді шанағын сырлап, жаңа рең бергім келеді.
Әдетте ерлердің ісі дейтін кәсіпті игерген Екатеринаның бұл саланы тастағысы жоқ. Қомақты қаржы тауып, жеке көлікжайын ашуды көздеген.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.