Өскеменде «Қауіпсіз жағажай» науқаны өтті

Елде кейінгі 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға батып кеткен, деп хабарлайды 24KZ.

Оның мыңға жуығы – бала. Биыл да шомылу маусымы басталмай жатып, қайғылы жағдайлар тіркелді. Құтқарушылардың ескертуін жұрттың көбі елей бермейді. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті, аймақтағы жағажайларда ерекше науқан ұйымдастырды. Демалушылар мамандардың бір күндік жұмысын істеп көрді. Суға сүңгіп, құтқарушы жұмысының маңыздылығына көз жеткізді. Науқан су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесіне назар аударту мақсатында өтті.

Асылан Қапаев, Өскемен қалалық ТЖБ аға офицері:

- ШҚО-да 2 мыңнан астам су айдыны бар. Оның 74-і тыйым салынған болып есептеледі, ал 22-сі жабдықталған есептеледі. Осыған орай ШҚО ТЖД халықтың назарына судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, олар – алкогольді күйде суға түспеу, белгіленбеген жерлерде сүңгімеу және, бастысы, балаларды қараусыз қалдырмау.