Павлодар облысында 33 шақырым жылу құбыры жаңартылады

Павлодар облысының жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 9 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл қаржыға 30 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылады. Қазір құбыр жөндеу жұмыстары 3 қалада қатар жүріп жатыр.

Ақсу қаласының жылу желілері көптен жөндеу көрмеген. Енді ауқымды жаңғырту жұмыстары бірнеше шағынауданда қатар жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес тозығы жеткен 4 шақырымнан астам құбыр ауыстырылады. Қалалық құрылыс бөлімінің мамандары: «Бұл жылу құбырларының тозу көрсеткішін айтарлықтай төмендетеді», – дейді.

Алтынбек Аманқұлов, Ақсу қалалық құрылыс бөлімі сектор меңгерушісінің м.а.:

- Демонтаж жұмыстары өтті. Қазіргі уақытта құбырларды жинап жатыр. Ендігі жұмадан бастап жаңа құбырларды сала бастайды. Ескі желілерді жаңа құбырға, сырты «оценковка» қабатталған құбырмен ауыстырамыз. Диаметрлері бүкілі сәйкес келеді. 700-ді 700-ге ауыстырамыз.

Ал Екібастұзда екі бірдей жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңартылатын жылу магистралінің ұзындығы 4 шақырымға жуықтайды. Жақында  құрылысы екі жылға созылған 7-ші магистральді жаңғырту жұмыстары аяқталды. Соның нәтижесінде қаладағы жылу айналымы толық қалпына келтірілді. Ал облыс орталығында жылу маусымына әзірлік жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Мұнда №13-ші магистраль ауыстырылады. Қамзин көшесінің бойымен өтетін желінің ұзындығы – 2,5 шақырым.

Сырым Исмағұлов, мердігер компанияның жобалау менеджері:

- Шамамен 1200 метр құбыр жүргізілді. Жылу желісінің диаметрі – 800 мм. Сырты қапталған. Дегенмен күнара жауған жаңбыр салдарынан іркілістер боп жатады. Көлге жақын аумақ болған соң қазған уақытта су шығып кетеді.

Құрылыс жұмыстарына мүмкіндігінше отандық өнімдер қолданылуы керек. Жоба жетекшілерінің шарты – осы. Мысалы, жүргізіліп жатқан құбырлар Қазақстанда жасалған. Ақсуда шығарылады.

Бұхарзада Мұхтар, ТҮКШ және энергетика басқармасының бөлім басшысы: 

- Бұл мақсаттарға Қазақстан Республикасының Үкіметінің резервінен 9 млрд теңге бөлінді. Инвестициялық бағдарламаларды ескере отырып, аталған жобаларды іске асыру Павлодар облысының жылу желілерінің тозуының 0,8% төмендеуіне әсер етеді.

Жалпы жыл соңына дейін облыста 33 шақырым құбыр жаңартылады.  Үкіметтен бөлінген 9 млрд теңгеден бөлек жылу маусымына дайындық жұмыстарына 14 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.

Авторлары: Е.Кәкенов, Е. Абишев, Д. Кошкарбаев, М. Игликов.