Марқакөлде маса маза бермей тұр
Шығыс Қазақстандағы Марқакөл ауданында маса-шіркей маза бермей тұр, деп хабарлайды 24KZ.
«Бұл мәселе жаз сайын қайталанады, бірақ шешілер түрі көрінбейді», – дейді тұрғындар. Әбден қажыған ел тіпті туған өлкесін тастап, көшіп жатыр. Қалған жұрт күндіз далаға беттерін орамалмен тұмшалап шығады. Ал кешке аттап баспайды.
Қалжырға кіре сала бетін бүркеп жүрген адамдар жиі ұшырасты. Бастапқыда мән бермеген өзіміз де, аздан соң орамал іздеп кеттік. Өйткені сәл тұрсаң болды, маса талап тастайды. Тұрғындар: «далаға тек оранып шығамыз, әйтпесе денеміз бөртіп кетеді», – дейді.
Бақытгүл Дүтбаева, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Демалудан қалдық. Аллергия. Өне бойымыз түгел бөрткен. Бүгін кішкене аз болды деген соң ғана шешіп тұрмыз. Ал үйде кәдімгідей қалың киім киеміз.
Масадан мазасы қашып, үйге қамалып, мезі болғандардың көпшілігі қазір қалаға кеткен.
Ауылдықтар бақшасын баптап күту үшін бас-аяғы жабық арнайы киіммен ғана шығады. Ермырза Есімжанов – Қалжырдың байырғы тұрғыны. «Бала кезде де шыбын-шіркейдің арасында өстік, алайда осыншалықты көп емес еді», – дейді. Айтуынша, қазір жыл сайын улау, дәрілеу іс-шаралары жүргізіледі. Бірақ нәтиже жоқ.
Ермырза Есімжанов, Қалжыр ауылының тұрғыны:
- Ылғи осылай бізде. Бәленбай жыл болды, халыққа өте қиын, ешқандай шара қолданып жатқан жоқ, шара қолданса да, еш нәтиже жоқ. Бірдеңе шашқандай болады, тұтатып, машинамен кеп тұтатады, ешқандай нәтиже бермейді.
Удың уыты әлсіз бе, әлде шыбын-шіркей тым қалың ба? Оны халық та, әкім де білмейді.
Қуат Қизатовтың айтуынша, іргелес Күршім мен Марқакөлде жалпы 23 мың гектар жерге зарарасыздандыру жүргізілген. Тіпті дрон да қолданылған. Бірақ оның әсері ұзаққа бармаған. «Сондықтан бұл мәселеге ғылыми тұрғыда назар аудару керек», – дейді ауыл әкімі.
Қуат Қизатов, Қалжыр ауылдық округінің әкімі:
- Құрту мүмкін емес, кішкене ғана азайту. Соған алдын ала жұмыс жасап жатыр, бұны енді құрту үшін үлкен ғылыми зерттеу жүргізу керек, үлкен бір аппараттар әкеп, зрттеу жүргізу керек. Өйткені әкелген, шашқанға болсын, дронмен, аэропланмен шақтық, оған да қарамады, сондықтан ғылыми зерттеу жүргізетін жұмыс.
Әзірге ғылыми зерттеуге кіріскен ешкім жоқ. Ал шыбын-шіркейден әбден қалжыраған қалжырлықтар қорғанатын құралдармен ғана күнелтіп, күзді күтіп жүр. Өйткені жәндіктер тек күн әбден салқындаған соң ғана азаяды.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.