Павлодар облысында «Менің ауылым – туған ауылым» жобасы жүзеге асырыла бастады
Кереку жерінде «Менің ауылым – туған ауылым» деп аталатын әлеуметтік жоба жүзеге асырыла бастады.
Мақсаты ауыл тұрғындарын елді мекеннің қоғамдық өміріне тарта отырып, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту. Жобаны Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдап отыр.
Пилоттық жоба Ақсуда басталды. Қалаға қарасты ауылдарда өзекті мәселелерді жергілікті тұрғындармен бірлесе шешу үшін бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйымдар құрылуда. «Мұндағы мақсат - тұрғындардың ауылдың әлеуметтік, қоғамдық өміріне араласу деңгейін кемінде 10 пайызға арттыру», - дейді жоба үйлестірушілері.
Мәдина Махметова, "Менің ауылым – туған ауылым" әлеуметтік жобасының үйлестірушісі:
- Ауылдық жерлерде халықтың көбі үкіметтік емес ұйымның не екенін, оның қандай функцияларды қамтитынын, жергілікті өзін-өзі басқару ұғымы жайлы біле бермейді. Қарапайым ғана халық қатысатын бюджет туралы естімеген. Дегенмен, ауылдағы қордаланған мәселелерді шешуге ниетті жандар да аз емес.
Тұрғындары әлеуметтік жобаға қатысуға ниет білдірген әрбір ауылдық округпен меморандум жасалады. Одан әрі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жолдары жүзеге асырылады. Бұл ретте мүгедектігі бар жандар мен жастарға ерекше рөл беріледі.
Марат Қабыш, Қызылжар ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Жобаның мақсатын біз ауыл тұрғындарына ауыл әкімімен бірігіп, қоғамдық совет мүшелерімен бірігіп онлайн арқылы түсіндіріп, жиналыстарға тартып жастарды өз үлестерін келешекте жобаны іске асыруға көмектесуге шақырамын. Ауылымыз жылдан жылға көркейіп келе жатыр. барлық жұмыстар істеліп жатыр. ауылымыздың әкімі жас жігіт. Өзіміз сайладық.
Қоғамдық бастаманы ауыл әкімдері де қолдап отыр. Әлеуметтік жобаның сәтті жүзеге асуына мүмкіндігінше атсалысамыз дейді.
Дәулет Әбілдинов, Қызылжар ауылдық округінің әкімі:
- Болашақта ауыл тұрғындарымен құқықтық сауаттылықты арттыру үшін интерактивті онлайн сабақтар өткізіледі. Менің ойымша, бұл өте дұрыс бастама.
Алғашында бір ғана ауылда басталған жобаның ауқымы кеңейіп келеді. Облыстағы өзге аудандарға қарасты ауыл тұрғындары да қызығушылық таныта бастаған. Жоба жетекшілері арнайы Құрылтай ұйымдастырып, тәжірибемен бөлісуге дайын. Ол басқосу тамыз айында Баянауылда өтеді.
Е.Кәкенов, Е.Абишев