Биыл елде 87 адам суға кеткен
Шомылу маусымы басталғалы елде 87 адам суға кеткен.
Оның 35-і бала. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін төтенше жағдайлар министрлігі полицейлер мен қоғамдық қызметкерлер және еріктілермен бірлесіп рейд жүргізді.
Жаз басынан бері елдегі су айдындарында 700-ден астам заң бұзушылық анықталды. Құтқарушылар қырағалық танытып, 160 азаматты өлімнен арашалап қалды. Оның қырықтан астамы бала. Ал қаза тапқандардың 85 пайызы тыйым салынған орындарда шомылған, дейді мамандар.
Азамат Құсайынов, қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
- Астана қаласы әкімінің қаулысына сәйкес, Астана қаласында 5 рұқсат етілген орын бар. 21 тыйым салынған орын бар. Астана қаласында биыл 3 адам қаза болды. Оның екеуі бала. Біреуі үлкен кісі. Сенбі, жексенбі, мереке күндері біздің құтқарушыларымыздың саны өсетін болады. Күнделікті 45-50 адамға дейін рейдтік жұмыстар жасатады.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағажайларды шолу құтқарушылардың басты міндетінің бірі. Қазір ел аумағында 399 құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Суға шомылуға және демалуға рұқсат етілген 708 орын бар.
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Біз төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерімен бірге есіл өзенінің бойына рейдке шықтық. Қазір елорда бойынша мұндай 8 қайық бар. Бүгінгі алдын алу жұмыстарына оның төртеуі шықты. Шараға құтқарушылар үнемі өздерімен бірге құтқару шеңберін, арнайы кеудеше мен арқан алып шығады.
Міне, рұқсат етілмеген жерде суға түсушілерді көзіміз шалды. Бірі өз әрекеттерінің орынсыз екенін мойындап, бой тасалауға тырысса, енді бірі кетуге асықпады. Сорақысы сол, ата-анасының қарауынсыз жүрген жеткіншектерді де байқадық. Жыл басынан бері 55 мыңнан астам профилактикалық шара жүргізілген.12 мыңға жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Саян Тоқымбаев, қалалық ТЖД Азаматтық қорғау басқармасының аға офицері:
- Рұқсат етілмеген әрі құтқарушылар мен медициналық көмек қолжетімсіз жерде шомылу үлкен қатерге әкеп соғуы мүмкін. Тұрғындарға жадынамалар таратып, түсіндіріп жатырмыз. Әсіресе, түстен кейін, кешкі мезгілде кәмелеттік жасқа толмаған балалар ата-аналарының қарауынсыз суға түсуге келеді. Мұндай жағдайда жауапты тұлға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Рұқсат етілмеген жерде шомылушылар өз әрекетін қалада арнайы жағажайлардың аздығымен түсіндірді. Бірақ солай екен деп көрінген жерде шомыла беру жарамас. Мамандар: «Су қателікті кешірмейтінін қаперде қатаң ұстау керек», - дейді.
Дильназ Тұрғазыева, Абдулхамит Бөлекбаев