Металлургия арқылы Қазақстанның өнеркәсіп қуаты артады

Ертең металлургтер күні.

Ауыр кәсіпті арқалаған еңбеккерлердің төл мерекесі 2003 жылдан бері республика деңгейінде аталып өтілуде.

Шілденің әр 3-жексенбісі тойланатын кен саласы мамандарының ел экономикасына тигізер үлесі аса зор. Болат балқытып, құрыш құйған қайсар жандардың еңбек жолы еленуге тұрарлық.

Металлургия отандық экономиканы алға бастаушы саланың бірі. Сол арқылы елдің өнеркәсіптік қуаты және әл-ауқаты арта түседі. Сондықтан мұндай кәсіп иелеріне түсетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Олардың жұмысы шыдамдылық пен күш-жігерді қажет етеді дейді салада талай жылдан бері аянбай еңбек еткен жандар.

Қарағанды облысы

Әбділ Кеңесбаев, Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысшысы:

- Заводта 2008 жылдан бастап істеймін. 16 жыл болды істеп жүргеніме бір жерде. Жұмыс ауыр ғой. Шыдайтындар бар, шыдамайтындар бар. Шыдамайтындар кетіп қалады. Оған да төзім керек қой.

Бүгінде тау-кен және металлургия саласы елдің жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын құрайды. Яғни саладан түсетін табыс 12 трлн теңгеге жетіп отыр. Экономиканы өрге бастырып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан кәсіп иелеріне көрсетілетін қолдау да айтарлықтай көп болғаны дұрыс дейді осы салада 25 жылдан бері қызмет ететін еңбек адамы.

Қарағанды облысы

Дархан Жүнісов, Балқаш мыс қорыту зауытының жұмысшысы:

- Осы салада жұмыс істегеніме 25 жылдай болды. Тұрақты жұмыс істесең өзі бір нәтижеге қол жеткізуге болады ғой. Еңбек етіп жатқан қарапайым қызметкерлерге қолдау көрсету керек. Олардың еңбегін бағалау керек. Қарапайым еңбек адамдары ел экономикасына үлкен үлес қосып жатыр. 

Иә, зор жауапкершілікті талап ететін металлургтердің кәсіби мерекесі жыл сайын тойланып, еңбектері ескеріліп жатады. Биыл да кәсіп иелеріне барынша құрмет көрсетіліп, адал қызмет етіп, міндетін мінсіз атқарып жүргендер мемлекеттік наградалар мен алғысхаттар табысталды.

Мөлдір Молдағали