Жамбылдық кәсіпкерлерге субсидия уақытылы төленбеген

Жамбылда балық өсірген шаруалар 3 жылдан бері мемлекеттен берілетін субсидияны уақытылы ала алмай жүр деп хабарлайды 24kz.

Кәсіпкерлер жазда керек көмек қаржы жыл аяғына дейін созылады деп шағымдануда. «Соның салдарынан тауарлы балық өсіру ісі тұралап тұр», - дейді олар.Арна тілшісі Мерей Бает мәселенің мән-жайына үңіліп көрді.

Мерей Бает, тілші:

- Нұрғиса Қуанышбаевтың балық шаруашылығымен айналысқанына 10 жыл болған. Алғашқыда ауылынан 18 гектар жер алып, сонда балық кәсібін бастаған. Қазір Тараз қаласы маңындағы 40 гектар жерге екінші шаруашылығын ашып, шабақ өсірумен айналысып жүр. Мұнда жылына 3-4 миллион шабақ шығарып, 60-70 тонна тауарлы балық өсіруді жоспарлап отыр. «Бірақ мемлекеттен берілуі тиіс субсидия шаруаларға уақытылы жетпейді», - дейді.

Нұрғиса Қуанышбаев, кәсіпкер:

- Керек кезде сәуір, мамыр кезінде болғаны дұрыс. Ертерек берілсе, мынау бізде сазан 3-4 айда бізге тауарлы балыққа жету үшін. Бұл тек жазда өсетін балық, қыста өспейді. Сол үшін бізге субсидияны ертерек қойып бергені дұрыс болар еді. Ақша уақытылы түспейді. Бірақ құжатымызды уақытылы қабылдайды.

Кәсіпкердің сөзінше, жыл басында берілуі тиіс көмек қаржы қыркүйекте бірақ түседі екен. Бұл балықтың жемі мен дәрісін алып, қажетті құрылғылардың күтімін уақытылы жасауға кедергі келтіреді. Мұны прокурорлар мамандары да растап отыр. Жауапты басқарма қызметкерлері қаулы дайындау кезінде қателікке жол берген. Соның салдарынан биыл аймақта 23 кәсіпкерге тиесілі 95 млн теңге өз уақытында берілмеді. Биыл өңірде балық өсіру ісіне 200 млн теңге субсидия бөлінген. Өткен айда табиғи ресурстар басқармасына талдау жүргізген прокурорлар қаржы көлемінің аз екенін айтып отыр.

Еркін Әлмаханов, Жамбыл облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының аға прокуроры:

- 260 млн теңге қосымша субсидия мемлекеттен бөлу жөнінде хаттың беру себебі. Мынау кәсіпкерлердің саны көбеюіне байланысты біріншіден. Яғни, былтырға қарағанда осы жылы екі есе көбейіп жатыр мысалы. Одан бөлек, мынау жем-шөптің жаңағы көлемі үлкейіп жатыр. Себебі балықтар да екі есе асып өсіп көбейіп жатыр.

Жауапты басқарманың соңғы 3 жылда субсидия төлемін кешіктіргені анықталды. Соның салдарынан Шу, Жамбыл, Тұрар Рысқұлов, Қордай аудандарының кәсіпкерлері тиісті төлемді уақытылы алмаған. Бұл олқылықтар қайталанбауы үшін қадағалаушы орган қызметкерлері мәселені бақылауда ұстап отыр. Ал кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә