БҚО-да «Ауыл аманаты» бағдарламасына ₸1 млрд бөлінді

Батыс Қазақстан тұрғындары енді өнімдерін өткізуден қиналмайтын болды деп хабарлайды 24kz.

Бұған «Ауыл аманаты» бағдарламасының септігі тиіп отыр. Қарашығанақ кенішін игеруші компания жергілікті шаруалардың азық-түлігін сатып алу жөнінде облыс әкімдігімен меморандумға қол қойған. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова өңірге барып, өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлермен кездесті.

Былтыр Батыс Қазақстан облысында 982 адам 6,5 миллиард теңгенің несиесін алып, өз кәсібін бастады. Светлана Сариева – солардың бірі. Хан Ордасы ауылының тұрғыны 4 миллионға 8 сүтті сиыр сатып алған. Қазір 6-уы төлдепті. Қаймақ, ірімшік сатудан айына 250 мың теңге табады екен.

Светлана Сариева, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:

- Екі балам да, келіндерім де осы малдың өсуіне көмектері де бар. Өздері де соған ұмтылуда, мал өсіруде. 4 немерем бар. Солардың нәпақасы. Осы «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасы деп ойлаймын мал өсіруге байланысты. Өте ризамын Үкіметке.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы алыс ауылдардағы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беріп, жұмыссыздардың өз ісін ашуына жәрдемдесуде. Сапар барысында Тамара Дүйсенова Бөкей Ордадан бөлек, Қаратөбе ауданының тұрғындарымен кездесті. Бүгінде қос ауданда еңбекке жарамды халықтың 15%-і өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарында. Ал Қоскөл ауылында 227 аула түгелдей «Жеңіс Ерхан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріккен. 34 адам 196 миллион теңге несиеге қол жеткізген. Олар өткен жылы 200 сүтті ірі қара, 900-ге жуық қой алған. Биыл лизингпен өндіріске қажетті техникасын жаңартқан. Наубайхана ашылып, жаңадан жұмыс орындары құрылған.

Айгүл Темірболат, ауыл тұрғыны:

- Наубайхана былтыр қыс айында ашылды. Биыл жаздан бастап жұмыс жасап жатырмын. Күніне 75 нан шығарамын. Оны ауыл дүкендеріне, көрші ауыл дүкендеріне тапсырамыз. Сосын тефтели, түшпара, фарш шығарамыз. Тұрақты жұмысым ұнайды.

Әділет Мұсағалиев, Қоскөл ауылының әкімі:

- Бұрын еш малы жоқ адамдардың өзі малданып, бір адамның өзі 150-дей мал алды. Оның өзі жастардың ауылға келіп, шаруашылықпен айналысуына үлкен жағдай жасалды. Лизинг арқылы 44-45 млн теңге техника алдық. Екі трактор, газель, шөп шабатын құралдар бәрін ала отырып, ауыл адамдарына жұмыс орнын аштық. Қазіргі таңда ауылда ауыл халқына тиімді бағада шөп шабылып, сатып жатыр. Шөп бағасы облыстан да, бүкіл жерден де арзан деп есептеймін. 2500-3000 теңгеден сатып жатырмыз.

Шаруалардың жұмысымен танысқан Вице-премьер бұл тәжірибеге оң баға берді. Ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған 9 бағдарламамен таныстырды. Облысқа «Ауыл аманаты» бағдарламасына республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. «Бұл қаражат тек мал басын көбейтуге емес, басқа да бағыттарды дамытуға жұмсалуы керек», - деді Тамара Дүйсенова.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жақсы тәжірибе бар. Ол бір ауыл – бір кооператив болып жатқан жағдай. Жалпы біз айтқанбыз, әр облыстың спецификасына қарап, әртүрлі схемалар жасауға болады деп. Бір кооператив жақсылығы неде? Азаматтар бірлесіп, мәселен малын бағады, бірлесіп сатуға мүмкіндік алады. Сатып алушы адам бір кооперативтен осыны сатып алады. Ең негізгі мәселе осында. Ендігі кезекте азаматтардың табысы көтерілгесін, олардан салық түсетін болса, 4-ші бюджет ашқанбыз, ауыл әкімінің бюджеті. Ауыл әкімі ол бюджетке келген қаражатты ауылды көркейтуге жұмсау керек. Сондықтан ойлаймын, басталған тәжірибе өте дұрыс деп.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына биыл Батыс Қазақстан облысына 6,3 миллиард теңге қарастырылған. 751 тұрғын несие алмақ. Оның 452-і мал шаруашылығымен шұғылдануды көздеп отыр. Осы өндірген өнімдерді тиімді бағамен өткізу мәселесі де шешілгендей. Қарашығанақ кенішін игеруші компания жергілікті азық-түлікті бірінші кезекте аламыз деп уағдаласты.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- КПО-да күніне 3700 адам тамақтанады. Жылына 3 млрд-тан артық қаражат сол тамаққа жұмсайды екен. Енді сол КПО-ға айтып жатырмыз. «Ауыл аманатына» қатысқан азаматтардың өнімдерін сатып алуға мүмкіндік болады деп. Енді меморандум негізінде республикада бірінші пилотты тәжірибе. Ойлап отырмыз,«Ауыл аманатына» қатысатын азаматтар үшін де үлкен көмек болады деп.

Шетелдік компаниямен келісімді жүзеге асыруда «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы орталық оператор боп белгіленді. Олар шаруаларды түрлі бағдарламалары арқылы қажетті техникамен қамтып, өнім тасымалдауға көмектеспек.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов