Жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығының құқығы бұзылған

Жолаушылар тасымалдайтын компаниялар жаңа вагон алуға бөлінген субсидияны 3 жылдан бері ала алмай отыр.

Осылай деп редакциямызға жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері хабарласты. Кәсіпкерлердің айтуынша, 2021 жылы Қаржы министрлігінің аудиторлары компаниялардың қызметіне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 4 компанияға жаңа вагон сатып алуға берілген демеу-қаржының бір бөлігі заңсыз деп танылды. Сот қаулысымен 2 млрд теңге субсидия мемлекетке қайтарылды. Алайда компания басшылары бұл шешіммен келіспей, Бас прокуратураға арызданды. Аппеляциялық шағым Жоғары Сотта қаралып, ақыры жолаушы тасымалдаушылардың құқығы қорғалды. Дегенмен демеу-қаржы кәсіпкерлерге әлі төленбеген.

Атлант Уәлиев, Теміржол көлігімен әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушы тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Әр компанияға мемлекет тарапынан, Көлік министрлігі тарапынан шарттық негізде даму жобалары бекітілген. Сол даму жобаларының аясында компаниялардың өздерінің бағдарламалары бар, соған сәйкес ең негізгісі – жаңа вагон алу. 3 жылдың көлемінде осы тасымалдаушылар үлкен қиындыққа тап болды. Мемлекет тарапынан аударылған қаражаттарды қайтадан өзімізге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз.

Бұл даудан тұтас сала зардап шекпеуі қажет, өйткені жолаушыларды пойыздармен қамтамасыз ету – басты міндет. Редакция тарапынан Бас прокуратура, Көлік және Қаржы министрліктеріне ресми сауал жолданды. Әзірге құзырлы органдардан жауап болмады.