Павлодарда орталық жағалау жаңартылады

Павлодарда орталық жағалау жаңа кейіпке енеді.

Екі жыл ішінде нысанның инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы да толық ауыстырылады. Қалалық әкімдіктің айтуынша, демалыс орны адам танымастай өзгереді. 

Қаладағы орталық жағалаудың тас төсеніштері 24 жыл бойы ауыстырылмаған. Әбден тозып бұзыла бастаған. Осыған байланысты демалыс орнын бастан аяқ жөндеудің қажеттігі туындады. 

Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:

- Жөндеу жұмыстары Естай еңісінен инвесторлар үйіне дейін жоспарланған. Қазір жағалаудың екінші қабатындағы тас төсеніштері ауыстырылды. Сонымен қатар автоматты суару жүйесі орнатылды.

Ескі тас төсеніштің орнына гранит салынады. Мамандар бұл берік материалдың ұзаққа шыдас беретініне және жағалауға өзіндік ерекше сән беретінін айтып отыр. Одан қалды демалыс орынның жарық жүйелері мен гүлбағы жаңартылады.  

Әнуарбек Аманов, қала әкімінің орынбасары:

- Бұдан бөлек жағажайдың өзін абаттандырып шықтық. Қосымша жарық шамдары қойылды. Субұрқақ салынды. 

Шолу алаңы да қалпына келтіріледі. Себебі соңғы кезде оның жағдайы көңіл көншітпейтін. 

Руслан Кендірбаев, жоба жетекшісі:

- Шолу алаңының жағдайы мәз емес. Құлаудың алдында тұр. Қауіпсіздік үшін оны қоршап қойдық. Тиісті сараптамалар жасалады. Соның негізінде конструкцияны нығайту жөнінде шешімдер қабылданды.  

Мердігер белгіленген жұмысты тамыз айының ортасына қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Сол кезде тұрғындар үшін шолу алаңы ашылады. Дәл сол тұстан Ертіс өзенінің әдемі көріністерін тамашалауға болады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ербол Әбішов, Марат Игіліков