Шымкентте саябақ мемлекетке қайтарылады
Шымкентте «Кең баба» атындағы саябақ мемлекетке қайтарылады.
Сот шешімімен кәсіпкерге жалға беру туралы шарттардың күші жойылды. Бұл туралы қалалық әкімдік айтты. Себебі демалыс орнын жаңғыртуға бағытталған жобалар орындалмай, жер учаскесі талан-таражға түскені әшкере болды. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан тұрғындардың серуен құратын аумақтарын шолып қайтты.
«Кең баба» атындағы отбасылық саябақ жекеменшікке жалға берілгенде мейрамхана мен дәмханалар көптеп ашылды. Балаларға арналған түрлі ойын-сауық аттракционы орнатылды. Бірақ қоршалған жер учаскелерінен жаяу жүретін жол тарылып, қауіпсіздік талаптары күмән тудыра бастады. Көпшілік осы жәйтке байланысты жиі шағымданатын.
БЛИЦ:
- Студент кезімнен білемін. Бұл жерге келіп, демалып, балалар ойнап жүретін еді. Қазір енді қарасаңызшы анау жерді қоршап қойған, мынау жерді де қоршап қойған. Дұрыс емес.
- Демалысқа арналған жерге мейрамхана, дәмханалар керек емес шығар деп ойлаймын. Адамдар емін-еркін отырып, демалып кететін жер болса дейміз.
- Қызмет көрсетіп отырғандардың барлығы жастар. Біздің жасымыздағылар жоқ. Келдім осыған ойнайды деп отырғыза салмаймын. Біраз тексеремін, қарап жүремін. Жақсы істеп тұр ма деп. Одан кейін барып отырғызамын.
4 гектар жерді алатын саябақ өткен ғасырдың басында құрылған. Ал 1999 жылы кәсіпкерке жалға беріліп, демалыс орнын жаңғырту туралы шарт жасалған. Бірақ бизнес өз міндеттемесін орындай алмады, - дейді қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары.
Арман Әбдешов, қалалық сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Балаларға арналған кейбір аттракциондардың тегін болуы, аумақта балаларды дамыту орталығы болуы керек еді. Бұл кісілер өз міндеттемелерін орындамады. Керісінше тал кесіп, бурсчатка көбейтіп, бетон, тас көбейтіп тастаған. Қайтару бойынша апелляциялық инстанция, бірінші инстанцияның күшінде қалдырған.
Қалада барлығы 12 саябақ пен 49 гүлзар бар. Олардың санитарлық тазалығы мен жасыл-желегін жайқалту мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Екі жақты келісімде кәсіпкерлердің қайтарымы да ескерілді. Биыл инвестициялық шарт арқылы тағы 5 гүлзар ашылады.
Жарылқасын Мәшбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде жалпы 6 мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында атқарып жатқан мердігер мекемелермен осы жылға әр ауданнан бір-бір парктен салуды жоспарлаудамыз қазір. Біз орындарын анықтап, проектіні бастайтын боламыз жақын арада.
Жергілікті билік «Кең баба» саябағын жайлы ортаны дамыту басқармасының меншігіне беріп, қайта құруды жоспарлап отыр. Биыл қала аумағында қараусыз қалған 10 демалыс орны тұрғындар игілігіне қайтарылды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов