Лудомандар диспансерлік есепке қойылмайды
Мемлекеттік клиникаларға емделуге келген лудомандар енді диспансерлік есепке қойылмайды
және тегін көмек алады. Ойын бизнесі мен лоторея қызметін реттеу туралы Заңда осындай өзгеріс енгізілген. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сай, бұған дейін бар-жоғы 19 адам емделген. Ал бейресми статистика бойынша 400 мыңнан астам адам құмар ойыннан зардап шегеді.
Жандос 6 жыл бұрын бәс тігуді тұрақты табыс көзіне айналдыруға көшіпті. Көлік, сәнді киім мен соңғы үлгідегі гаджеттерге жетелейтін оңай жол осы деп түсінген. Алайда құмар ойын ұтысқа емес, миллиондаған қарызға апарып соқты.
Жандос, емделуші:
- Отбасылар жиналып, бір нәрселер тойлайды ғой. Мен көбіне сондай нәрселерден қашатынмын. Өйткені біреу біліп қоя ма деп, біреу айтып бере ме деп. Өйткені қарыз алдым туыстарымнан, достарымнан. Басында ұтыс үшін ойнасаң, одан кейін қарызды жабу үшін ойнайсың. Қазіргі қарызым шамамен 10-12 млн теңге.
Қазір Жандос оңалту орталығында бесайлық емдеу курсынан өтіп жатыр. Жеке клиникаларда мұндай қызмет бағасы 400-700 мың теңге аралығында болады. Психологтардың айтуынша, құмар ойынға берілгендердің көбі өз бетінше емделуге келе бермейді. Оларға жақындарының қолдауы қажет.
Сұңғат Хасенов, психолог:
- Егер жақын адамдары қолдау көрсетіп, жетелеп жүрсе, құмар ойыншылардың емделуге құлшынысы оянады. Әрине емделу үрдісі оларды қордаланған қарыздан құтқармайды, бірақ қателігін қайталамауға және қалыпты өмірге қайта бейімделуіне жол ашады. Қазір бізге көмекке жүгінгендер аз емес.
Лудомандар мемлекеттік клиникалардан гөрі, жеке орталықтардан көмек алады. Өйткені диспансерлік есепке тұрғысы келмейді. Ол тізімге іліксе, оқуы мен жұмысына кедергі келтіретінін жақсы түсінеді.
Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бұған дейінгі диспансерлік есепке 19 адам ғана ресми тіркелгенін айтып отыр. Ал шын мәнісінде құмар ойыннан зардап шеккендер өте көп. Олар жеке мекемелерге қыруар қаражат төлеп, жасырын емделіп жүр. Бұдан былай мемлекеттік клиникаларда анонимдік қызмет көрсетіледі. Әрі тегін болады. Ешкім диспансерлік есепке қойылмайды.
Бұдан бөлек бірыңғай борышкерлер реестріне тіркелген 3,5 млн қазақстандық енді бәс тіге алмайды. Сонымен қатар әскерилер мен мемлекеттік қызметшілерге де құмар ойын ойнауға тыйым салынады.
Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров