Талдықорған - Қалбатау - Өскемен жолының 38 шақырымы ашылды

"Талдықорған - Қалбатау - Өскемен" тас жолының 38 шақырымы ашылды.

Жалпы ұзындығы 770 шақырымға жуық күре жолдың қалған бөлігінде де құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын байланыстыратын автомагистральді қайта жасауға 300 миллиард теңге бөлінген.

Талдықорған мен Қызылағаш ауылының арасында бұрын екі жолақты жол болатын. Қазіргісі одан екі есе кең. Құрылысы аяқталып, салтанатты түрде пайдалануға берілген аумақ «Талдықорған – Қалбатау - Өскемен» автомагистралінің алғашқы бөлігі. 

Дархан Иманашев, "Қазавтожол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:

- Жетісу облысы бойынша 314 шақырым. 314 шақырымның ішінде 100 пайыз асфальт төселінді. Бірінші, екінші бөлігінде жол белгілері орнатылған. Ары қарай бөліктерін қыркүйек немесе қазан айына дейін аяқтаймыз. Президент тапсырмасы бойынша Талдықорған-Өскемен жолы биыл бітіру керек. Соған міндет атқарып жатырмыз. 

«Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автомагистралімен күніне 7 мыңнан аса көлік жүреді. 16 бөлікке бөлінген күре жолды шетелдік компания салып жатыр. Олар 2019 жылдан бері жұмыстың басым бөлігін аяқтаған.  

Вэй Цинган, жоба жетекшісі:

- Талдықорған-Қалбатау-Өскемен арасындағы жол құрылысына мыңнан астам техника тартылған. Үш мыңнан аса жұмысшы жұмылдырылған. Биыл жобаны аяқтасақ екі жылдық кепілдік мерзіміне сай өзіміз күтіп ұстайтын боламыз. 

Биыл Жетісу облысында Алматы - Талдықорған, Сарыөзек - Көктал автомагистралі жөнделе бастайды. Сонымен қатар шекара шебіндегі «Достық» өткізу пункітінің 4 шақырымын аяқтау жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев