ШҚО-да кәріз жүйелерінің 70%-і тозған
Шығыс Қазақстан облысында кәріз жүйелерінің 70%-і тозған деп хабарлайды 24kz.
Өңірдегі 17 тазарту құрылғысын тексеріп шыққан экологтар осылай дейді. Мамандарда дәлел жетерлік. Мысалы Өскеменде тазартылған судың құрамынан аммоний тұзы, кейбір мұнай өнімдері мен мырыш концентрациясы тиісті мөлшерден көп болған. Осыған байланысты жергілікті сумен жабдықтау мекемесіне 2 миллион теңге айыппұл салынды. Дәл осындай дерек Ұлан ауданында да тіркелді.
«Сондықтан кәріз жүйесін жаңартатын кез жетті», - дейді сарапшылар. Алдағы 3 жылда Өскемен, Риддер, Серебрянск қалаларындағы тазарту желілері күрделі жөндеуден өтеді. Облыстың бас экологиялық инспекторы Сергей Усенконың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру үшін қажетті деректер жинақталған.
Сергей Усенко, ШҚО бас экологиялық инспекторы:
- Біз бүкіл өңірді аралап, нақты мәлімет жинадық. Тіпті қандай шара қолдануға болатыны жайлы ұсыныс-кеңес те бердік. Жалпы облысты алатын болсақ, тек Зайсан ауданында ғана кәріз жүйесі талапқа сай жұмыс істеп тұр. Себебі ондағы тазарту құрылғысы осыдан 8 жыл бұрын салынған.