Алматылықтар «Автокөліксіз бір күн» челленджіне қолдау білдірді

«Автокөліксіз бір күн» челленджіне алматылықтар да қолдау білдірді деп хабарлайды 24kz.

Өкінішке қарай, табиғаты әсем қаланың жылдан жылға ауасы ластанып барады. Өткен жылы Алматыда экологиялық талапты бұзған 25 мың көлік жүргізушісіне хаттама толтырылды. Соның 5 мыңына ғана әкімшілік шара қолданылған. Қалғаны ескертумен ғана шектеліпті. Экологтардың айтуынша, қазір «Әкімшілік құқық бұзушылық» туралы Кодекске өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Егер заң қабылданса, бақылау күшейеді.

Алматылық Евгений Мұхаметжанов 6 жылдан бері автокөлік жүргізбейді. Қаланың экологиясын жақсартуға осылай үлес қосқысы келген. Өзі ғана емес, достарын да үгіттеп жүреді.

«Алматыда тұрып, оның ауасын жұтып, суын ішіп, жерін басып жүрген әрбір адам қаланың экологиясына бей-жай қарамауы тиіс. Ал, «Автокөліксіз бір күн» челленджі – дұрыс бастама. Көпшілікке ой салады. Осындай шараларды көптеп өткізіп, тұрғындарды қоғамдық көлікпен жүруге шақыру керек», - деп санайды.

Евгений Мұхамеджанов, Экологиялық қозғалыстың жетекшісі:

- Мен автокөліктен саналы түрде бас тартқаннан кейін қоғамдық көлікпен жүре бастадым. Ештеңеден қалып жатқан жоқпын. Баратын жеріме тез жетем. Бәрі жаман деп айтуға болмайды. Қазір қоғамдық көліктің қызметі жақсарып келеді. Автобустарды жаңалап, жолаушыларға жағдай жасау керек. Сонда көпшіліктің 80%-і қоғамдық көлікке отырады деген ойдамын.

Қала тұрғыны Алексей Корягиннің де автокөлігін самокатқа ауыстырағанына бір жыл болған. Ол да жүрген жерінде көліктен шығатын зиянды заттар туралы айтудан жалыққан емес. Көбіне жаяу жүреді. Баратын жағы алыстау болса, метромен қатынайды.

Алексей Корягин, қала тұрғыны:

-Автокөлігім бар. Бірақ мінбеймін. Шынымды айтсам, «Автокөліксіз бір күн» деген шараны естімеппін. Мен онсыз да көлікпен жүрмейтін адаммын. Қалада машина өте көп. Онымен барған күннің өзінде қоятын жер таппайсың. Одан да осылай самокатпен немесе велосипедпен жүргенім артық. Әрине, челленджді қолдаймын.

Ресми деректерге сүйенсек, Алматы көшелерінде тәулігіне 1 миллионға жуық автокөлік жүреді. Оның 600 мыңы осы қалада тіркелген. Тағы 400 мыңға жуығы сырттан кіріп-шығады. Үлкен жол бойында 19 экологиялық бекет орнатылған. Бірақ әзірге ондағы инспекторлар негізінен хаттама толтырумен шектеліп отыр.

Алмат Әлқожа, қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

- Қалаға кіріп-шығу барысында 25 мың автокөліктің белгілі бір норманы бұзғаны анықталған, 20 мыңына ескерту ғана берілген. Ал, болашақта заң жобасы күшіне енетін болса. Бұл заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы 334-бабына өзгерістер енгізу . Егер жоғарыда айтылған үлкен іс қарастырылатын болса, мүлдем ескерту деген болмайды. 25 мың машинаға 25 мың әкімшілік шара қолданылған болар еді.

Ауаның ластануына ескі көліктер де әсер етіп отыр. Қалада қатынап жүрген автокөліктердің жартысына жуығы осыдан 20 жыл бұрын зауыттан шыққан. «Бұған қоса, қоршаған ортаны жақсарту үшін бірнеше бағытты қатар жүргізген жөн», - дейді экологтар. Оған жасыл желекті көбейту, қоғамдық көліктерді газға ауыстыру, көмір жағатын жылу электр станциясына мониторинг жүргізіп, шығарындыларды көрсетіп тұратын құрылғылар арқылы бақылап отыру сияқты жұмыстар кіреді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев