Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен 13 мектеп қайта іске қосылады

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 13 білім беру ұйымын қайта іске қосу жұмысы жүріп жатыр деп хабарлайды 24kz.

Қазір 8 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатса, қалған бесеуі жаңадан салынады. Бұл мақсатқа 8 миллиард теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бұдан өзге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін ондаған білім ұясының құрылысы қарқын алған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл – көктемгі су тасқынында зардан шеккен Ойын ауданының Қаратал ауылындағы Шығанақ Берсиев атындағы мектеп. Кенеттен қарғын су келгенде мал-мүлкінен айырылған елді мекен тұрғындары осында паналаған еді. 270 орындық білім ұясында қазір күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жұмыс ауқымы үлкен. Бірақ соған қарамастан, бар жұмысты қыркүйекке дейін аяқтау туралы жоспар бекітілген.

Ләззат Ордабаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Техникалық жағдайын жақсарту мақсатында қазіргі таңда арнайы резервтен қаражат бөлініп, 350 млн теңге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Аталған нысан жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі.

Су тасқынынан бүлінген мектептер мен балабақшаларға жөндеу жүргізу үшін 1,5 млрд теңге бөлінген. Ал, жаңа нысандар салуға 6,2 млрд теңге қаралып отыр. Құрылыс жұмыстары жобалық-сметалық құжаттар дайын болған соң басталады. Мамандардың айтуынша, қазір үш мектепке қатысты сабақ беру үрдісін ұйымдастыру міндеті тұр.

Нұргүл Бертілеуова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл үш білім беру ұйымының да оқу процесін ұйымдастыру бойынша нақты шешім бар. Яғни, аудан басына алып келіп, интернатқа жатқызу арқылы басқа да балалардың оқитын нысандары даярланып жатыр. Оқу процесіне ешқандай кедергі болмайды

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Ал, мынау – Ақтөбенің шетіндегі Қызылжар ауылында салынып жатқан жаңа мектеп. Екі қабатты ғимарат апатты деп танылған бұрынғы білім ұясының орнынан бой көтеріп жатыр. Алдағы оқу жылында мұнда екі ауысыммен 640 бала оқитын болады.

Жанна Шәуленова, Қызылжар орта мектебінің мұғалімі:

- Мына мектептің зәулім, үлкен, кең болып көтерілгеніне өте қуаныштымыз. Өз ауылымыздың ортасында орналасқан мектеп. Жан-жақтан балалардың қатынауы да оңай.

Бүгінде облыста 3 үш ауысымды, 5 апатты мектеп бар. Сондай-ақ 15 мыңнан астам орын тапшы. Мәселені шешу үшін екі жыл ішінде 39 білім ұясы пайдалануға берілмек. Ал, биыл болжам бойынша бірінші сыныпқа 18 020 бала келеді. Бүгінде құжат қабылдау ісі жалғасып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев