Абай облысындағы Тассай ауылы жарыққа жарымай отыр
Тұрғындардың үп еткен желге сөнетін электр желісін жаңартуды талап еткеніне 5 жыл өткен, деп хабарлайды 24KZ.
Бірақ тиісті мамандар түрлі сылтаумен кейінге шегеріп келеді.
Тассай ауылында 234 үй бар. Жарыққа қатысты тұрғындардың шағым айтып келе жатқанына 5 жыл өтіпті. Бірақ мәселе сол кезеңнен бері шешілмей келеді. «Бір өшіп, бір жанған жарықтың кесірінен несиеге алған тұрмыстық техникамыз істен шығып жатыр», – дейді олар.
Сәуле Қожахметова, Тассай ауылының тұрғыны:
- Бізде көбі – үйде отырған аналар. Ал жарық өшіп қалса, «навары» түгіл жаңағы пісірілген дүниелері бұзылып кетеді. Менің жолдасым үйде дөңгелек жөндейді. Жарық жоқ күнде отырамыз.
Оған қоса ауылда интернет әлсіз. Оқушылар мен студенттер қосымша біліммен онлайн сабаққа қатысу үшін ақша төлейді. Бірақ қаражат желге ұшқандай болады.
Құралай Мұқанова, Тассай ауылының тұрғыны:
- Біттей жел соқса, жауын жауса, жарығымыз өшіп қалады. Күн болсын, түн болсын. Ал енді интернетіміз істемейді. Ақшасын ай сайын төлеп отырмыз. Бір күн төлемесек, жарықты қиямыз деп жетіп келеді. Тым баяу айналып тұрып алады. Балалар сабақ қарайтын кезде жарық өшіп қалады, интернет істемей қалады.
Аудан әкімідігі: «жарық пен интернет желілері Шығыс Қазақстан облысына қарайды», – деп отыр. Жалпы Абай облысындағы электр желілерінің ұзындығы 15 мың шақырымнан асады. Қазір оның 96% тозған.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- 3-4 ауылда бар ондай проблемалар. Бірақ бүгінгі күнге мамандар жұмысын атқарып жатыр. Қалпына келтіріп жатыр, бірақ оған уақыт керек. «Столбтардың» бәрі ескі, уақыты өткен барлығының. Біз қазір депутаттардың барлық сауалын бергелі отырмыз. Қазір аудан бойынша жарықтан проблема көп.
Марат Теміржанов мәселенің қашан нақты шешілетінін дөп басып айта алмады. Ал облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандары Тассай ауылындағы электр желісіне техникалық қызмет көрсету үшін бюджеттік өтінім берілгенін хабарлады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.