Атырау облысында зиянкестер көбейді
Атырау облысында шегіртке көбейді, деп хабарлайды 24KZ.
Биыл химиялық өңдеу жүргізілген аумақ жылдағыдан 3 есе көп. Сондай-ақ облыс орталығында да зиянкестердің шамадан тыс артқаны байқалады. Мамандар: «мұндай құбылыс әр 10 жыл сайын қайталанады», – дейді. Бұған қоса қарақұрт та өңірдегі шаруаларды әбігерге салып отыр. Ал масадан мезі болған қала тұрғындары: «кешке серуендеуден қалдық», – дейді.
Қала іргесіндегі Алғабас ауылының тұрғындары мына алқапқа биыл қауын-қарбыз, қияр-қызанақ егіп, қала халқын таза өніммен қамтуды жоспарлаған. Бірақ тасқынға байланысты дән егу жұмыстары жылдағыдан 15 күнге кешікті. «Бұған қоса қазір шегірткеден аяқ алып жүру мүмкін емес», – дейді шаруалар. Еккен егінін отап, маза берер емес.
Сәния Харесова, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Тіпті көбейіп кетті. Өте көбейіп кетті. Салып жатқан тұқымдарымыздың бәрін жеп жатыр. Мына егіншілердің барлығы қайта-қайта егіп жатыр. Бірақ шегірткелердің тоқтайтын түрі жоқ. Бірінші мәселе шегіртке болып тұр. Шегіртке көз аштырмайды, тіпті жол бермейді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- 6 гектар жерге бау-бақша еккен шаруалар биыл шегірткенің жылдағыдан көп екенін айтады. Өздері улау жұмыстарын жүргізгенімен, одан ешқандай нәтиже болмай отыр. Ал ауыл шаруашылығы басқармасындағылар әр шаруа химиялық өңдеуден өткізетін жерді көрсетіп, өтінім беру керегін айтады.
Биыл өңірде 96 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өткен. Үйірлі шегірткелерге қарсы 86 мың гектар, саяқ шегірткеге қарсы 10 мың гектар жер дәріленді. Мамандар: «зиянкестердің көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді», – дейді. Әр 10-12 жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс биылғы тасқынмен қатар келген. Облыс орталығында шегірткелердің көбеюі де осыдан екенін айтады.
Хамидолла Дәулетқалиев, «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар» әдістемелік орталығы облыстық филиалының директоры:
- Қалаға жиналуының басты себебі, біріншіден, биылғы су тасқыны кезінде бұлардың тіршілік ететін орталарын тарылтып жіберді. Соған байланысты бұлар қалаға жақындады. Сосын бұлардың түнгі жарықтарға жиналатыны – табиғи құбылыс. Күндіз әр жерлерде топтасып, халыққа қолайсыздық туғызады. Жалпы жасыл желектерге зияндылығы елеулі болмайды қазіргі кезде.
Қала тұрғындарын шегіртке қана емес, маса да мезі қылған. «Кешке көшеге шығудан қалдық», – дейді тұрғындар. Дегенмен жергілікті билік маса улау жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын айтады. Қазынадан бөлінген 95 млн теңгеден астам қаражаттың бүгінде 29 миллионы игерілген. Қазір арнайы мамандар қала аумаған күндіз-түні дезинфекциялайды.
Ғасырбек Төлеген, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Маса улау жұмыстары күнделікті жүргізіліп отыр. Қазіргі таңда мердігер мекеме «AJ DISINFECTION»-нің күндізгі уақытта 2 бригадасы, түнгі уақытта 8 бригадасы, жалпы есебі 25 қызметкері осы маса улау жұмыстарымен айналысып жатыр. Күндізгі маса улау жұмыстары 233 көпқабатты үйлердің жертөлелерін улаумен айналысса, түнгі бригада 22:00-ден таңғы 4:00-ге дейін қала аумағында көлікпен маса улау жұмыстарын жүргізеді.
Биыл өңірде қарақұрт та шаруаларды әбігерге салып отыр. Маусым және шілде айында 500-ге тарта түйені шағып, 90 бас Ойсылқара тұқымы өлген. Мамандар: «улы жәндіктің көбейіне де бірнеше себеп бар», – деп отыр. Олардың тіршілік ету аумағы өзгеруі мүмкін деген болжам айтады. Сондай-ақ көктемгі тасқынмен келуі ықтимал деген дерек те бар. Күннің күрт ысуы да олардың көбеюіне жағдай жасағандай.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.