Әуеайлақтағы ауа райын болжау: авиациялық синоптиктер туралы не білеміз?

Былтыр отандық әуе компаниялары 72 мың рейс жасаған, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 16 мыңы межелі уақытта орындалмаған. Бұл – біздегі әрбір төртінші ұшақ кішегіп көкке көтеріледі деген сөз. Олардың уақытылы ұшпауына көп жағдайда күн райының қолайсыздығы себеп. Дегенмен ақ қар, көк мұзда да амалынып тауып, аспанды бағындыратын кездер де болады. Мұндайда ауа райын бақылап, әуе көліктерінің қанат жаюына ыңғайлы мезетті дөп басып табу маңызды.

Бұл – синоптиктер. Дегенмен климатты зерттеп, күн райына болжам жасаумен шектелмейді. Олар әуе көліктерінің көкке көтеріліп, қонуына ыңғайлы мезгілді анықтап, қолайсыз жағдайларды алдын ала ақпараттандырып отырады. Яғни, сіз мінген ұшақтың уақытылы ұшып, межелі жерге қауіпсіз жетуіне осы мамандардың үлесі зор. Қазір мұнда 349 қызметкер еңбек етеді. Оның 207-і – инженер, ал техниктер – 129.

Василина Костикова, «Қазаэронавигация» РМК метеорологиялық қамтамасыз ету және ақпарат басқармасының басшысы:

- Метеорологиялық қызметте еңбек тәжірибесі мол мамандар жұмыс істейді, кейбірінің еңбек өтілі 20 жылдан асады, яғни кәсіпқойлықтың жоғары деңгейін меңгерген. Бірақ жас мамандар да бар, соңғы бірнеше жылда авиациялық метеоролог қызметіне 30-дан астам адам жұмысқа қабылданды. Бізде метеорологиялық жоғары білімі бар, сондай-ақ мемлекеттік талаптардан бөлек, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы мен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның талап-үддесінен шыққан азаматтар еңбек етеді.

Табиғаттың тосын мінезін тап басып айту қиын. Сондықтан синоптиктердің еңбегі жауапкершілікке толы. «Дегенмен жоғары дәлдікті заманауи құрылғылардың арқасында айтқанымыздың 90% айнымай келеді», – дейді мамандар. Бұл да – біздегі қызметкерлердің кәсіби біліктілігінің бір белгісі.

Тұрғаным Қажрахимова, «Қазаэронавигация» РМК синоптигі:

- Авиациялық синоптиктер – бұл жедел жұмыс істейтін мамандар. Болжам жасау – бұл күрделі, тіпті шығармашылық процесс. Әуеайлақ бойынша болжам әр 3 сағат сайын жаңартылады, авиациялық пайдаланушыларға нақты ауа райы әр 30 минут сайын беріледі. Авиациялық синоптик өзінің барлық аэросиноптикалық деректерін талдайды. Нәтижесінде аэродромның жергілікті жағдайлары мен климаттық ерекшеліктерін ескере отыра ақпарат таратады. 

Жарты сағат сайын алынған сынама нәтижесі әуе кемесінің командиріне таныстырылады. Тіпті төтенше жағдай кезінде жедел қонуға жайлы аймақтар да көрсетіледі.

Дегенмен соңғы шешім экипаж мүшелерінің өз құзырында. Қолайсыз ауа райында ұшу не рейсті кейінге шегеруді ұшқыштар шешеді.

Жанар Серлібаева, «Қазаэронавигация» РМК инженер-синоптигі:

- Таңғы уақытта бізге атмосфералық карталар түседі. Бұл карталарды барлық биіктікте қарап өтеміз, одан кейін 850 картасын ашып, талдау жүргіземіз. Бүгінгі синоптикалық жағдайды қарайтын болсақ, онда Астана антициклонды жотасында орналасқан және соған байланысты ауа райы ашық, өте жақсы. Бірақ дегенмен де біз экипаждарға ауа райы болжамын ғана ұсынамыз, ал әрі қарай ұшу және ұшпау туралы шешімді өздері қабылдайды.

Сын сағатта саспай, жедел әрі жүйелі шешім қабылдау екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан бұл сапта сан сатылы сынақтан өткен кіл мықтылар қызмет етеді. Қазір метеорологтарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғана дайындайды. Кейін тағылымдама мен арнайы курста тәжірибесін шындайды.  Кәсіби құзыреттілігі бағаланады. Содан кейін ғана еңбек нарығына маман ретінде қосылады.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Серік Қоңырбаев.