Терезеден құлау: өскемендік құтқарушылар бала қауіпсіздігі үшін дрон қолданып жүр

Жоғары қабаттағы терезенің алдына дрон кеп, дыбыстық белгі берсе, таңғалар ма едіңіз? Өскемендік құтқарушылар осындай креативті амалға барған.

Олар көпқабатты үйлердің терезесін дронның көмегімен бақылап жүр. Бұл – бала қауіпсіздігі үшін жасалған шара. Пилотсыз ұшу аппараттары ашық қалған терезе көрсе, дереу оны жауып, балаларды маңына жуытпайды ескертеді. Себебі жыл басынан бері Өскемен мен Риддерде 4 бала терезеден құлап, біреуі көз жұмған. Ел көлемінде де мұндай қайғылы деректер азаяр емес. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері баласы бар үйдің бәрін сақтыққа үндеп, терезедегі тордың да қауіпті екенін ескертеді.

Нұрболат Өтеев, облыстық ТЖД басқарма инженері:

- Көпқабатты үйлердің ауласына дауыс ұлғайтқышпен жабдықталған дронды іске қосып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түсіндірме жұмыстары аясында балалардың терезеден құлап кету факторларының алдын алу бойынша түсіндірме өткізілді. ШҚО тұрғындарынан, ата-аналардан, баламен отырған кісілерден бүлдіршіндердің қауіпсіздігіне аса мән беруді сұраймыз.