Субұрқаққа шомылу қауіпсіз бе?
Қаланың саябақтары мен демалыс орындарының сәні – субұрқақ.
Әрі аптап ыстықта ауа салқындатады. Әсем әуен ойнап, түрлі-түсті жарықтары да қосылады. Жиегінде жүгіріп, балаларын шомылдыратындар да аз емес. Ал бұл қаншалықты дұрыс?
Санитарлық эпидемиологиялық бақылау комитеті маусым басталғалы елдегі субұрқақтардан 500-ден астам сынама алған. Тексеріс барысында су құрамынан түрлі микробтар мен бактериялар табылды. Мұндай нәтиже алынған сынаманың 4%-і Астана қаласынан анықталған.
Нұрбек Атажан, Алматы ауданы әкімдігінің қоғамдық жұмыстар бөлімінің бас маманы:
- Біз мониторинг жүргізгенде қаншалықты таза екенін қараймыз. Содан кейін барып тазалаймыз. Суда қандай да бір бактерия болуы мүмкін. Субұрқақтар сыртта орналасқаннан кейін небір қоқыстар көрінбей тұруы да мүмкін. Сондықтан қол жууға да, шомылуға да болмайды.
Сауалнама:
- Ол таза су емес қой қанша дегенмен. Сосын оның қауіпсіздік ережесін сақтау керек, мысалы, қазір. Фонтанда қайтыс болып жатқан балалар бар. Тоқ жүреді оның астында.
- Бала кезімізде фонтанға шомылатынбыз. Ешкім тыйым салған жоқ. Қазір де болады деп ойлаймын, оның еш әбестігі де зияны да жоқ.
- Фонтанның қауіпсіздігін сақтау керек қой, жаздыгүні балалар тұншығып қалмауы керек. Соған ата-ана қарауы керек.
Бірі суға түсуге болмайды десе, өзгелері оны әбестік санамайды. Бірақ субұрқақта шомылсаңыз, конъюнктивит, жіті ішек инфекциясы, энтеровирустық, А вирустық гепатиті сияқты ауруларды жұқтырып алуыңыз мүмкін.
Жасұлан Алпысбаев, Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:
- Жазғы мезгілде, өзіңіз байқасаңыз, фонтандар қоғамдық жерлерде орналасады. Қоғамдық жерлерде үнемі шаң-тозаң, атмосфералық қалдықтар, жапырақтар түрлі микроорганизмдер жаңағы солармен бірге түсіп жатады. Одан қалса иесіз иттер де аң-құстарда шомылып жатады. Оның үстіне балалар шомылып жатса, ол қаншалықты дұрыс, қаншалықты гигиеналық талаптарға сәйкес келеді?!
Субұрқақтағы суды қанша тазартқанмен, бұдан сапасы еш өзгермейді. «Сондықтан оны толықтай таза деп айта алмаймыз», – дейді маман.
Жасұлан Алпысбаев, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:
- Әрине, мына қалалық қызметтер, түрлі қызметтер оны тазартып тұрады. Бірақ тазартқанмен, фонтандағы судың құрамы, сапасы санитариялық химиялық, микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес бассейндердегі қойылатын талаптарға сәйкес олар залалсыздандырылмайды. Тазартады, жапырағын алып кетеді, бірақ тазартып, залалсыздандырылмайды. Міне, осыны ескеруіміз керек.
Зарина Кәп, тілші:
- Елордада дәл осындай 50 шақты субұрқақ бар. Оларды іске қоспай тұрып, толық тазалайды. Кейін мұндағы электр желілерін ауыстырады. Іске қосылғаннан кейін күн сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. «Алайда суы қанша таза болғанымен, мұнда шомылуға болмайды», – дейді мамандар.
Авторлары: Зарина Кәп, Мадияр Қындыбаев.