Қарқаралы мен Балқашта жаңа демалыс орындары салынады

Қарағанды облысының туристік аймақтарында жаңа демалыс орындары салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Қарқаралы таулы өлкесінде кешен бой көтереді. Балқаш көлінің жағалауынан кәсіп ашамын деген әлеуетті инвесторларға да жер телімдері беріледі. Қос қалада бүгінгі таңда туризм үшін 200 гектар жер айқындалған.

Қарқаралы қаласының іргесіндегі Бұғылы деп аталатын мына таулы өлкеде келешекте үлкен туристік кешен салу жоспарланып отыр. Ол үшін 75 гектар жер бөлінген. Кешен 5 аумаққа бөлінеді. Мұнда этноауыл, демалыс орындары, шаңғы базасы салынбақ. Сондай-ақ қала маңындағы Үлкен көл жағалауынан да осындай жұмыстар қолға алынған. Жер телімдері әлеуетті инвесторларға берілетін болады.

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданының әкімі:

- Енді кезекті шара біз жобалық-сметалық құжаттамаларды жасауымыз керек. Ол осы жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Ол аймаққа біз жергілікті атқарушы билік су, тоқ, кәріз құбырын, интернет желісін де тартуға тырысатын боламыз.

Бүгінгі таңда Қарқаралыда 40-қа жуық демалыс орыны жұмыс істеп тұр. Олар тәулігіне 3 мың адамға қызмет көрсете алады.

Ал Балқашта демалыс орындары жеткіліксіз. Соңғы 3 жылда келушілер саны 30%-ке көбейген. Мамандар биыл да демалыс маусымында шамамен 100 мың адам келеді деп болжайды. Жаңа демалыс орындарын салу үшін 120 гектар жер қарастырылған. Қазір бұл жер телімдерінің егжей-тегжейлі жоспары дайындалып жатыр. Кейін аукцион арқылы иесі анықталады. «Бүгінгі таңда туризм бағытында ынталы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау зор», – дейді Балқаш қалалық туризм секторының меңгерушісі Еркебұлан Қамаубаев.

Еркебұлан Қамаубаев, Балқаш қаласы әкімдігі туризм секторының меңгерушісі:

- Егер де кәсіпкер демалыс орнын салатын болса, 10%-і субсидияланатын болады. Бұған қоса транспорт алса, мысалы, автобус, Үкімет тарапынан 25% субсидияланады. Егер кәсіпкер демалыс орнына санитарлық тораптар алса, біреуіне 83 мың теңгеден субсидия беріледі.

Қазір Балқашта туристерге қызмет көрсететін 54 кәсіпкерлік нысан бар. Соның 24-де суға шомылуға рұқсат етілген. Жаңа демалыс орындары ашылған кезде туристерге қызмет көрсету аясы кеңейеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.